Жаңалықтар

Тоқмади ісі: Тәтішев туыстарының аппелляциялық шағымы қаралды

Жер бөлімі
Фото: kursiv.media архивінен

Алматы облыстық сотында банкир Ержан Тәтішевті өлтіргені үшін сотталған Мұқтархан Тоқмадиді мерзімімен бұрын бостандыққа шығару туралы шешімге қарсы жәбірленуші тараптың аппелляциялық шағымы қаралды.

Жәбірленуші тарап бұл шешімге үзілді-кесілді қарсы екенін білдірді. Ержан Тәтішевтің інісі Еркін Тәтішевтің адвокаттары мерзімімен бұрын босату шарттарына Тоқмадидің іс-әркеттері сәйкес келмейтініне баса назар аударды.

Жәбірленші тараптың пікірінше, Тоқмади ешқашан өз кінәсін мойындамаған. Жасаған қылмысына шынайы өкініш білдірмеген. Мұны оның баспасөз құралдарына берген сұхбаттарынан аңғаруға болады. Тоқмади онда бұл қылмысқа қатысы жоқ екенін, қысым көрсетілген соң, мойындауға тура келгенін айтады.

Десе де, олардың пікірінше, қазақстандық және америкалық тергеушілер оның кінәсін толық дәлелдеп берген. Мемлекеттік органдары арнайы тексеру жүргізіп, қысым жасалғанын растамады.  

Жәбірленуші тарап жазасын өтеу орындарындағы «үлгілі тәртібіне» де күмән келтіріп отыр. Адвокаттар Тоқмадидің абақтыда бір емес, алты рет жазаға тартылғаны туралы деректі келтірді. Сонымен бірге жазадан құтылу үшін қашуға әрекет жасаған.

Алматы облыстық соты келесі отырысты 6 қыркүйек белгіледі.

Мұның алдында Алматыда осы іске қатысты баспасөз мәслихаты өтіп, Еркін Тәтішевтің және ФТБ-ның бұрынғы директоры Луи Фридің 20 жыл бұрын жасалған ауыр қылмыстың егжей-тегжейі жайында пікір білдіргені туралы жазғанбыз.