Банк пен қаржы

Жеке компаниялар шығынға батқан инвестициялық жобаларды қалпына келтіру үшін проблемалық кредиттер қорына бере алады

Проблемалық кредиттер қорының құзіреті кеңейді/ фото kursiv.media

Қазақстанда проблемалық кредиттер қорының өкілеттігі кеңейеді. Алдағы уақытта жеке компаниялар инвестициялық жобаларды, соның ішінде тоқырауға ұшыраған жобаларды қордың басқаруына бере алады. Қаулы жобасын Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі әзірледі. Құжат «Ашық НҚА» сайтында жарияланды.

ПКҚ-ның жаңа міндеттеме алуына Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі келісім берді. Қор активтерді басқарғаны үшін сыйақы алады. Оның міндеттеріне «қаржылық және экономикалық сауықтыру, оған берілген жобалардың құны мен инвестициялық тартымдылығын арттыру» кіреді. Бұл қызмет индустриялық-инновациялық қызмет пен агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне ұсынылатыны нақтыланды.

Проблемалық кредиттер қоры жұмыс істемейтін несиелерден құтылғысы келетін банктерге көмек көрсету үшін 2012 жылы құрылған. Құрылған сәттен бастап қорды Ұлттық банк басқарды. 2017 жылы Үкімет ПКҚ-ның жалғыз акционері болды және қор Қаржы министрлігінің басқаруына берілді. 2017 жылғы 14 ақпанда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық қордан банк секторын сауықтыруға 1,093 трлн теңге көлемінде нысаналы трансферт бөлу туралы жарлық шығарды. Қаражат 4% жеңілдік мөлшерлемесі бар банк облигацияларына салынды. Бір күн бұрын Ұлттық банк төрағасының экс-орынбасары Олег Смоляков бюджеттік түзетулерді таныстыру кезінде депутаттардың сұрақтарына жауап бере отырып, ПКҚ 2 триллион теңгеге қайта капиталдандырылатынын айтқан болатын.

2017 жылы мемлекет проблемалық несиелер қоры арқылы БТА Банктің 2,4 трлн теңгеге стреске ұшыраған активтерін сатып алды, ал БТА бұл ақшаға Казкоммерцбанк алдындағы қарызын өтеді. Өз кезегінде Қазком Ұлттық банк пен «Самұрық-Қазына» қоры алдындағы міндеттемелерін өтеді. Бұл транзакциялардың барлығы 2017 жылдың шілдесінде жүзеге асырылды, содан кейін Халық банкі Kazkom-ды 185 миллиард теңге сомасына өз қаражатынан қосымша капиталдандыруды жүзеге асыру міндеттемесімен 2 теңге символикалық бағаға сатып алды. Бір жылдан кейін, 2018 жылдың маусымында Kazkom лицензиясынан өз еркімен бас тартып, нарықтан жоғалып кетті.

Проблемалық кредитер қоры бүгінде банк секторын сауықтырумен (банктерден активтерді сатып алу) және активтерді экономикаға тартумен (қайта құрылымдау, сатып алынған активтерді жинау және сату) айналысады.