Жаңалықтар

Отбасылық бюджет үлгісі: өзіңізге ыңғайлы форматты қалай табуға болады

Фото: elements.envato.com

Отбасындағы мәселелердің дені қаржыға келіп тіреледі. Мұны психологтар растайды. Бюджетті дұрыс бөлмегендіктен, әркім міндетін шегелеп алмағаннан екі арада түсініспеушілік туып, ақыр соңы ажырасуға әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан бұл мәселеге бейқам қарауға болмайды. Бүгінгі материалымызда отбасылық бюджеттің модельдеріне шолу жасап, ақшамен қарым-қатынастың маңызы жайлы айтамыз.

Отбасылық бюджеттің қандай түрлері болады?

Қазір нарық заманы болғандықтан, үйде күйеуі де, әйелі де жұмыс істей береді. Бірақ әр үйде сол тапқан табысты жаратуға қатысты ереже әртүрлі. Бір отбасыда барлық ақша ер адамның қолында болады. Енді бір жанұяда әркім өз тапқанын өз қалауынша жұмсайды. Үшінші бір шаңырақта ортақ ұстайды. Жалпы алғанда барлығына бірдей дұрыс нұсқа жоқ. Яғни біреуге ыңғайлы модель екіншіге үйлеспеуі мүмкін. Мұны назардан шығармау керек. Сонымен отбасылық бюджеттің жалпыға бірдей қалыптасқан үш түрі бар:

  • Ортақ немесе бірлескен бюджет
  • Жеке-жеке ұстайтын, бөлек бюджет
  • Аралас бюджет

Біріктірілген бюджет кезінде үйде жұмыс істейтін адамның бәрі ақшаны ортақ бір жерге салады. Сөйтіп сол жиналғаннан отбасының қажетіне жұмсалады. Мұндай нұсқа, әсіресе, ТМД елдерінде жиі кездеседі. Жұмыс істейтін адам саны мен оны жұмсайтын субъектінің санына қарай бюджеттің қалпы әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы:

  • Ерлі-зайыпты екеу жұмыс істейді. Ортақ бір жерге салады. Сөйтіп сол ақшадан екеуі де керек затын алып жұмсайды;
  • Бір адам ғана жұмыс істейді, бірақ екеу болып жұмсайды. Күйеуі жұмыста, әйелі баламен декретте отыр делік. Күйеудің табысы ортақ болып, оның ақшасын әйелі де ала береді.
  • Отбасының бір мүшесі ақша табады, екіншісі соны жоспарлаумен айналысады. Күйеуі жұмыс істейді де, тапқанын әйеліне береді. Әйелі барлық керек-жарақты алып, төлеп, реттеп отырады.

Мұндай модельмен өмір сүретіндер таныстарыңыздың арасында бар шығар. Психологтардың айтуынша, алғашқы нұсқа жақсырақ. Яғни екеуі де жұмыста, ақшаны екеуі де жұмсайды. Ал қиыны — біреуі ақша тауып, екіншісі жаратқаны. Әлбетте, бұл ретте қаржылық сауат, отбасының заңы да маңызды екенін ұмытпау қажет. Кейінгі кездері ортақ бюджет жүргізу сәннен шығып жатыр. Жастар көбіне өз ақшасына өзі еге болғысы келеді. Бір-бірінің алдында есеп бергісі келмейді. Бұл қарқынмен алдағы 10-15 жылда ортақ бюджет моделі тіпті жойылып кетуі де ғажап емес.

Ортақ бюджет: артықшылықтары мен кемшіліктері

Артықшылықтары:

  • Теңдік болады. Екеуінің де мүмкіндігі мен құқығы тең;
  • Қорға ақша жинау оңайырақ;
  • Ортақ мақсат пен мүдде болғандықтан, қымбат зат аларда, шетелге шығарда жоспар бойынша жұмыс істеп, ақша жинай алады;
  • Бюджет ашық жүреді. Кімнің қанша тауып, не алып, қанша жұмсап жатқаны көрініп тұрады.

Кемшіліктері:

  • Жеке қалауыңызға ақша жинау қиын, тіпті мүмкін емес. Өйткені ерлі-зайыпты бір-бірінің ақшасын тиын тиынына дейін біліп отырады;
  • Егер табыс көлемінде айтарлықтай айырма болса, онда екі арада түсініспеушілік жиі орнауы мүмкін;
  • Біреуі ғана тауып, екіншісі жарататын болса, арагідік ұрыс-керіс туындауы мүмкін.

Статистикаға қарасақ, отбасылық бюджеті ортақ жұптардың жартысына жуығында айғай осы ақша мәселесіне қатысты болады екен. Өйткені бір ортақ пікірге тоқталу қиын. Мысалы, әйелі бренд сөмке алғысы келеді, күйеуі машинасына аксессуар алуды ойлап жүреді. Ал екеуін қатар орындайын десе, қалтаға салмақ түседі. Сонымен бірге табыс деңгейі әртүрлі болғанда да ұрыс-керіс болады. Көп табатыны жұбын шектеп, аз табатынын бетіне басуы мүмкін. Яғни мұндай ортақ бюджет кезінде мәселе көп туындайды. 

Әркім өз ақшасын өзі ұстағанда қалай болады?

Мұндай бюджет моделі батыс елдерінде көп кездеседі. Әсіресе, Еуропа мен АҚШ-та танымал. Бұл форматтың ерекшелігі неде? Мұнда  «ортақ қазан» жоқ. Әркім өз тапқанын өзі жұмсайды. Қанша тапқысы келсе де, не алғысы келсе де өзі біледі. Сыйлық мәселесіне келгенде де кімге не беруді де әркім өзі шешеді. Айтарлықтай көлемді дүние алатын кезде ғана екеуі екі жақтан қосылуы мүмкін. Мысалы, көлік не үй аларда екеуі де шығарады дегендей. Бір қарағанда өте ыңғайлы модель. Келіспеушілік те аз болады. Өзіңе қанша ақша керек болса, сонша табасың. Жұбайыңа ешқандай есеп бермейсің. Керек болса, ешкімге айтпай ақша жинайсың. Мысалы, күйеуі 800 000 теңге табады, әйелінің айлығы — 700 000 тг. Әркім өз керек затын өзі алады. Күйеуі көлігін жаңартайын деп жүрсе, әйелі қымбат тон алмақшы. Коммуналдық төлем, тамақты алма-кезек алады. Басқалай бір-бірінің алдында еш міндеттемесі жоқ. Яғни бөлек бюджеттің мәні сол — ешкім ортақ капитал жинамайды, ортақ шығындары болмайды.   

Артықшылықтары мен кемшіліктері

Артықшылықтары:

  • Өз-өзін дамытуға тең мүмкіндік туады. Мысалы, йогаға жазылғысы келсе, өзі ешкімнен рұқсат сұрамай-ақ залға жазылады. Курс сатып алғысы келе ме — ақшасын өзі төлейді;
  • Қаржы жағынан тәуелсіз болады. Ондай кезде адамның өз-өзіне көңілі тоқ жүреді. Себебі әрқайсысы өз алдына тәуелсіз, не алатынын өзі біледі. Бұл тұрғыдан арада реніш жоқ.

Кемшіліктері:

  • Бірдеңе бола қалса деп қорға ақша жинау қиын. Себебі әркім өз ақшасын өзі құртады. Артқа ақша жинамауы мүмкін. Егер екеуі де ақшаны оңды-солды шаша беретін болса, онда мәселе тіпті қиын. Белгілі бір капитал жинау оңай емес.
  • Отбасындағы шығындарды өтеуге келгенде екі жақ керісіп қалуы мүмкін. Сол кезде санасу басталады. Кім тамақ алады, коммуналдық төлемді кім төлейді, өткен айдағыға қарағанда осы айда көбірек шықса — ол да ұрысқа себеп болуы ғажап емес.

Осы кемшіліктерді ескерсек, барлығы бірдей мұндай форматта өмір сүре алмайды. Айлығы тұрақты, жоғары, белгілі бір деңгейде беделді қызметте жүргендерге болмаса, қатардағы қарапайым отбасыға келмеуі мүмкін.

Аралас бюджет моделі кімдерге үйлеседі?

Аралас бюджет деп ортақ және бөлек бюджеттің симбиозын айтады. Бұл формат мынадай болады: жұбайлардың әрқайсысында өз ақшасы қолында, бірақ әлдене бола қалса деп ортақ қазанға салатын ақшасы да бар. Яғни ортақ қазандағы қаражат ортақ шығындарды өтеуге жұмсалады. Мысалы, коммуналдық төлем, демалыс, жөндеу жұмысы, үйге жиһаз не тұрмыстық техника алу дегендей. Мұндайда ерлі-зайыпты өзара келісіп алуы керек. Айталық, күйеуінің айлығы 500 000 теңге, әйелінің табысы — 250 000 теңге. Ай сайын ортақ қазанға деп әркім өз табысының 30 пайызын салып қояды. Сонда күйеуі — 150 000 тг, әйелі 75 000 теңге салып отырады. Сөйтіп қазанда 225 000 тг жиналады. Осы ақшадан коммуналдық төлем де, азық-түлік те, балаға киім-кешек те — бәрі алынады. Егер ақша артылып жатса, оны қор қылып артқа жинай береді. Ал айлығының қалған 70 пайызын әркім өз қалауына қарай жұмсайды. Жеке бюджетке қарағанда айырмашылығы — мұнда бюджетке екі тарап та қосылады. Яғни табысының көлеміне қарай дұрыс пропорциямен бөлінген. 

Артықшылықтары мен кемшіліктері

Артықшылықтары:

  • Ортақ та, жеке де бюджет қалыптастыруға мүмкіндік бар. Ешкім-ешкімді бөліп жармайды. Табысына қарай отбасылық бюджетке үлесін қосады. 
  • Психологиялық тұрғыдан алып қарағанда, әйелі мен күйеуі бір-бірімен ақшаға қатысты көп ұрыспайды. Себебі пропорция тең.
  • Ақшаның бәрі ортақ қазанға кетпейтіндіктен, қалауына қарай не алса да ерікті болады. Мұндай таңдау бар кезде ұрыс та аз болады.

Кемшіліктері:

Бұл форматтың басты кемшілігі — табыста айырмашылық тым көп болғанда екеуара келіспеушілік болуы мүмкін. Яғни біреуінің айлығы тым жоғары, бірінікі өте аз болса, онда көп табатынының тарапынан кейде өкпе туындайды. Мұны да басынан келісіп алу керек. Басқа айқын кемшілік жоқ. 

Отбасылық бюджет қалыптастырарда көпшілік жіберетін қателіктер

  1. Отбасылық бюджеттің түрін анықтап алмаған. Айтқандай, бәріне бірдей үйлесетін идеал формат жоқ. Сондықтан әркім өз ыңғайына қарай өзі таңдап, келісіп алуы қажет. Дұрысы — барлығын басынан шегелеп, бекітіп алу. Әйтпесе, кейін келе келіспеушілік жиілей береді. Кім азық-түлік алады, кім коммуналдық төлемді төлейді, демалыс пен жөндеу жұмысы сынды көп қаражат керек ететін кезде әрекет қандай болады — барлығы екі жақты талқылануы қажет. Сол себепті бұған бей-жай қарамаңыз. Бетпе-бет отырып, ақылдасыңыздар. Үтір-нүктесіне дейін талдаңыздар. Бәлкім, кей жерде өзгеріс енгізу керек болар. Қатып қалған қағида болмайды. Ыңғайға қарай икемдей беріңіз.
  2. Бүкіл ақшаға бір адам иелік етеді. Бұл да көпшіліктің жиі жіберетін қателіктерінің қатарында. Әсіресе, бала туғаннан кейін әйелде үйде отырмын, ақша таппаймын деп отбасылық қаражатқа араласпай қояды. Сөйтіп бар ақшаны күйеуі жұмсауы мүмкін. Егер әйеліне жүріс-тұрысқа жеткілікті ақшаны еш кедергісі беріп отырса, бәрі тамаша. Ал енді әр ұстатқан тиынға есеп сұрап, не шектейтін болса — мәселе қиындау. Болмаса, біреуі жұмыстан қысқарып қалып, табыссыз қалғанда да осыған ұқсас проблемалар туындауы мүмкін. Әркім өз ақшасын өзі жұмсап үйреніп қалса, тіпті қиын. Сондықтан бұл жағдайда да бәрін ашық талқылау қажет. Ортақ бір келісімге келу аса маңызды. Әйтпесе, өкпе тола береді.
  3. Отбасында қаржы мәселесі мүлдем талқыланбайды. Қаражат проблемасы әр үйде болады. Қамсыз өмір сүріп жатқан ешкім жоқ. Бастысы, мәселелердің қалай шешілетінінде. Жақсылап сөйлесіп, жан-жақты талқыланса, шешілмейін түйін жоқ. Егер проблеманы шешуді кейінге шегере берсе не елемесе, онда уақыт өте келе ұлғайып, күрделене түседі. Соңы ажырасуға әкеп тірелуі ғажап емес.
  4. Ақша жұмсауға қатысты шек жоқ болса да жақсы емес. Әсіресе, ортақ не аралас бюджет кезінде бұл мәселе ашық талқылануы қажет. Мысалы күйеуі де, әйелі де ақша табады, ортақ қазанға ақша салады. Бірақ бірде ортаққа салмай, бар тапқанына басқа нәрсе алып қоюы мүмкін. Әу басында екеуі де ортақ бюджетке 100 000 теңгеден салып отырамыз деп келісіп алып, біреуі салмай қойса, не ортақ қазаннан ақшаны рұқсатсыз алып алса, бұл да жарамайды. Сондықтан шек қойылуы керек.
  5. Кірістен гөрі шығын көп. Қазір кредит алу қиын емес. Қарызы бастан асып жатса да, кредит тарихы нашар болса да несие картасын ашып алып не тұтынушылық несие рәсімдей салады. Банктер де көп жағдайда мақұлдайды. Бұған жақын болудың қажеті жоқ. Мойынға кредит арта беру — жақсы қасиет емес. Көрпеге қарай көсіліп үйренген абзал. Қарызға алып мәз болғаннан, қайтсем табысты арттырамын деп ойласаңыз дұрысырақ. Яғни алдымен табатын ақшаңызды еселеп, сосын барып соған лайық шығыныңыз болсын. Өкінішке қарай, қазір көбінде бұл керісінше: табысы аз, шығыны шектен тыс көп. Шығынның бәрін жүйелеп, жоспарлау керек. Кіріске қарай өмір сүріп үйрену қажет. Егер негізгі қажеттерді өтеуге шамаңыз келмесе, жаңа үлгідегі смартфон не үшін керек? Болмаса, ойыңызды басқа жұмысқа, айлықты көтеруге бағыттаңыз.