Жаңалықтар

Биыл 1 қыркүйекте Алматы мектептерінде алғашқы қоңырау болмайды

школы
Алматылық оқушылар үшін алғашқы қоңырау 2 қыркүйекте соғылады / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Денис Андреев

Биыл Алматы қаласының мектептерінде 1 қыркүйек күні оқушылар мектепке бармайды. 1-сыныпқа баратындар үшін алғашқы қоңырау да соғылмайды. Білім күніне арналған бұл салтанатты жиын 2 қыркүйек күні өтеді, оның өзі 10-15 минутқа ғана созылады.

Алматы қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Сайлаубайдың айтуынша, 1 қыркүйек жексенбіге түсіп тұрғандықтан, дәстүрлі мектеп жиыны болмайды.

«Бұл білім басқармасымен келісілген, 1 қыркүйек – демалыс күні, ал 2 қыркүйекте таңертең салтанатты жиын болады. Дәстүр бойынша бірінші сынып оқушылары үшін алғашқы қоңырау соғылады. Салатанатты жиын ұзаққа созылмайды, барлық мектепте шамамен 10-15 минут өтеді», – деді Білім басқарма басшысының орынбасары.

Ведомство өкілінің сөзін Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова растады. 

«1 қыркүйек бізде демалыс күніне түскендіктен, балалар демалады. 2 қыркүйекте барлығымыз мектепке барамыз», – деді әкімнің орынбасары.

Алайда осыған дейін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 1 қыркүйек жексенбіге түскенімен, бұл күндегі алғашқы қоңырау мерекесі ауыспайтынын, яғни 2024-2025 оқу жылындағы алғашқы қоңырау жексенбі күні соғылатынын айтқан болатын.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, 1 қыркүйектен бастап 7,9 мың білім ұйымында 3,9 млн бала білім алады, оның 360 мыңы – бірінші сынып оқушылары.

Жаңа оқу жылы 2024 жылдың 1 қыркүйегінде басталып, 2025 жылдың 25 мамырында аяқталады.