Адам шығынымен аяқталған ферроқорытпа зауытындағы апатқа жұмыс беруші кінәлі — комиссия

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Тергеу нәтижелерінің материалдары құқық қорғау органдарына беріледі / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Ерлан Нығматуллинге тиесілі «YDD Corporation» зауытындағы 4 адамның өлімімен аяқталған қайғылы оқиғаға жұмыс беруші кінәлі деп танылды. Мұндай шешімді топтық жазатайым оқиғаны тергеу үшін құрылған арнайы комиссия қабылдады. Комиссия қорытындысын ҚР Еңбек министрлігі ресми хабарлады.

«YDD Corporation» ЖШС ферроқорытпа зауытындағы адам шығыны орын алған топтық жазатайым оқиғаны тергеу үшін құрылған арнайы комиссия оқиғаның мән-жайын зерделеп, негізгі кінә жұмыс берушіде екенін анықтады.Комиссия мүшелері техникалық құжаттаманы, оқиға болған жерді тексеру нәтижелерін, куәгерлердің сауалнамаларын, сараптама ұйымының қорытындысын, нормативтік құжаттар мен басқа да материалдарды зерделегеннен кейін осындай қорытындыға келді», –делінген хабарламада.

Зауытта еңбек қауіпсіздігі сақталмаған

Комиссия кәсіпорында травматикалық факторлардың әсерін болдырмау бойынша шұғыл шаралар қабылданбағанын мәлімдеді. Бұдан бөлек, қауіпсіз еңбек жағдайлары, қызметкерлердің ережелерді, нұсқаулықтарды және технологиялық тәртіпті сақтауын бақылауда да кемшіліктер барын анықтады.

Еңбек министрлігінің мәліметінше, жазатайым оқиға үшін кінәлі деп танылған адамдарды жауапқа тарту үшін тергеу нәтижелерінің барлық материалы құқық қорғау органдарына беріледі.

Қайғылы оқиға жайлы

Еске сала кетсек, Қарағандының ферроқорытпа зауытында 20 шілдеде таңғы сағат 4 шамасында 8 жұмысшы жарақат алып, денелерін күйік шалғаны туралы хабар тарады. Компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, зауыттағы № 1 пештен кенеттен жалын шығып, осының салдарынан кәсіпорынның 8 жұмысшысы әртүрлі дәрежеде жарақат алған. Бұл оқиғадан соң, Қарағанды облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Ерлан Нығматулинге тиесілі ферроқорытпа зауытындағы оқиғаны түбегейлі және объективті түрде тергеуді мықтап тапсырды. Ал YDD корпорациясының акционерлері мен басшылығы зардап шеккен қызметкерлердің барлық несиесін төлеп беруге уәде берді. 

Ал 23 шілде күні жарылыс кезінде күйік шалған жұмысшы қайтыс болғаны хабарланды. Қайтыс болған азамат Мұзафар Исмаилов небары 31 жаста еді. Оның денесінің 85 пайызын қатты күйік шалған.

25 шілде күні Қарағанды ферроқорытпа зауытындағы апатта күйік шалған 8 жұмысшының тағы үшеуі қайтыс болғаны хабарланды. Зауытта қызмет еткен технолог Қазкен Ерұлан Қайырбекұлы, балқыту цехының механигі Адамчук Дмитро және бас механик қызметінің шебері Жетпісбаев Төлеген Елеуұлы қайтыс болды. 

YDD Corporation компаниясында болған қайғылы оқиғаны премьер-министр Олжас Бектенов өз бақылауына алатынын мәлімдеген еді.

Зауытқа кім иелік етеді?

Ферроқорытпа зауытына YDD Corporation иелік етеді. Ал egov порталындағы мәліметтерде бұл компанияның құрылтайшылары ретінде IMPERIYUMCY HOLDINGS LIMITED, Нигматуллин Ерлан Зайруллаұлы, Аппаз Жармұхамет Дінмұхамедұлы көрсетілген.

Айта кетейік, Ерлан Нығматуллин –  Мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің егіз інісі.

Сондай-ақ оқыңыз