Қаржы мониторинг агенттігі Қазақстан, Ресей және Украина азаматтарына халықаралық іздеу жариялады. Олар зорлық-зомбылық жасады және Алматы мен Алматы облысында 1 WIN онлайн-казиносын заңсыз ұйымдастырды деген күдікке ілінді. Іздеу салынған азаматтар қылмыстық әрекеттерінің арқасында 3,8 млрд теңге көлемінде пайдаға кенелген.
-Қаржылық мониторинг агенттігі халықаралық мына азаматтарға іздеу жариялады:
- Ресей Федерациясының азаматы Черных Сергей Владимирович, 1993 жылы туған;
- Украина азаматы Юдина Марина, 1999 жылы туған;
- Қазақстан Республикасының азаматы Нестеренко Павел Игоревич, 1998 жылы туған;
- Қазақстан Республикасының азаматы Мусалиева Тұрсын Бегдатқызы, 1996 жылы туған.
«Аталған тұлғаларға қатысты Алматы облысы мен Алматы қаласы аумағында «1WIN» онлайн-казино түрінде заңсыз құмар ойындар мен букмекерлік қызметті ұйымдастыру және басқару, азаматтарға зорлық-зомбылық көрсету, заңсыз бас бостандығынан айыру күдігімен іздеу жарияланды. Осыған байланысты қылмыстық әрекеттерден түскен қаражат 3,8 миллиард теңгені құрайды», – деп хабарлады Қаржы мониторинг агенттігі.
ҚМА іздеуде жүрген азаматтардың орналасқан жері туралы қандай да бір ақпарат белгілі болса, төмендегі телефон нөмірлеріне хабарласуды өтінеді:
+7-701-577-56-83; +7-701-121-47-65.
Оларға анонимділік пен сыйақы уәде етілген.
Биыл жыл басында ҚМА Алматы облысы бойынша Департаменті «1WIN» онлайн-казиносының заңсыз қызметіне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Қазақстан, ТМД және алыс шет ел аумағында жұмыс істеген «1WIN» онлайн-казиносы заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған. Мыңдаған адамды тартып, лицензиясыз букмерлік қызмет көрсеткен. Ақшалай қаражатты интернет-эквайринг арқылы аутентификациясыз қабылдап, кәмелетке толмағандарға да құмар ойындарға қатысуға мүмкіндік берген. 2023 жылдың өзінде-ақ онлайн-казино айналымы шамамен 4 млрд теңге болған.
Онлайн-казино сайты бұғатталып, төрт ұйымдастырушыға халықаралық іздеу жарияланды. Тәркіленуге жататын мүлікке және жалпы сомасы 1,5 млрд теңге ақшалай қаражатқа тыйым салынды, сондай-ақ «Mercedes-Maybach S500» және «Lamborghini Huracan» автокөліктері тәркіленді.