Қазақстанда агро саладағы кәсіпорындар үшін жеңілдетілген несие берудің жаңа бағдарламасы іске қосылады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
5% мөлшерлемемен берілетін несиені отандық шикізат сатып алуға пайдалана алады / Фото: архив kursiv.media 

Таяуда Қазақстанда жеңілдетілген несие берудің жаңа бағдарламасы іске қосылады. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналысатын кәсіпорындарға қатысты.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтың сөзінше, биыл Үкімет 2028 жылға дейінгі ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамытудың кешенді жоспарын қабылдаған.

«Жақында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналысатын кәсіпорындар қатыса алатын жеңілдетілген жаңа несие бағдарламасы іске қосылады. Олар 5% мөлшерлемемен несиені отандық шикізат сатып алу үшін пайдалана алады. Қазіргі кезде осы мақсаттарға 30 млрд теңге бөлу мәселесі қарастырылып жатыр», – деді вице-министр орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте.

Сонымен қатар 2025 жылдан бастап агроөнеркәсіптік кешен субъектісі субсидия алуға өтінім бермей, бірден арзанырақ несие алуына мүмкіндік беретін қаржы институттарын тікелей субсидиялау басталады. Министрлік өкілінің мәлімдеуінше, бұл бағыт қазір сынақтан өткізіліп жатыр.

Ербол Тасжүреков Үкіметтің қолдауымен егін егу және егін орағы жұмыстарына жылына 5% мөлшерлемемен 580 млрд теңге бөлінетінін айтады. Оның ішінде 100 млрд теңгесі жеңілдетілген лизингке бағытталған.

«2025 жылы 5% мөлшерлемемен көктемгі егіс және егін орағы науқанын жеңілдетілген қаржыландыру жалғасады. Несиені ұзартудың салдарынан кепілдіктердің болмау мәселесін шешу мақсатында «Даму» қоры арқылы несиелерді кепілдендіру механизмі енгізілді. Ол несие сомасының 85 пайызын кепілдендіруге мүмкіндік береді», деді Тасжүреков.

Бұған дейін министрлік агроөнеркәсіп кешеніндегі 90 жобаға 444,5 млрд теңге жеңілдетінген несие берілетінін хабарлаған еді. Оларға «Агрорлық несие корпорациясы» АҚ, «Қазақстанның Даму банкі» АҚ және Halyk bank-пен бірлесіп 444,5 млрд теңге сомасына жеңілдетілген қаржы берілмек.

Әсіресе, ет, сүт, астық өңдеу, жылыжай шаруашылығын дамыту салаларына басымдық берілмек. Бұл жобалар мемлекет үшін басым бағыттар бойынша өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік бермек. Аграрлық несие корпорациясында 81,2 млрд теңгенің 43 жобасы, ҚДБ-да 285 млрд теңгеге – 14 жоба, Halyk bank-те 78,3 млрд теңгеге 33 жоба бар.

Сондай-ақ оқыңыз