Демалысты пайдалы әрі қызықты өткізу үшін тарих пен мәдениетке арналған Qalam порталында жарияланған материалдар топтамасын ұсынамыз. Осы аптада Шығыстың ұлы режиссерлері очерктер сериясының төртінші шығарылымы, шайыр татитын, жасалуы қиын Лапсанг сушонг шайы, Парижді бағындырған қазақ балуаны және Дауылбай, Жетісудан табылған ірі петроглиф кешені жайлы материалдар жарық көрді.
Париж көрген жеңімпаз!
Қазақтың аты аңызға айналған балуаны Қажымұқан Мұңайтпасов. Қажымұқан бірнеше дүркін әлем чемпионы, әйгілі палуан Иван Поддубныйдың досы, соңғы рет жеңіс тұғырын Парижде бағындырған. Әлем тарихында ізі қалған Қажымұқан туралы толығырақ материалдан оқыңыз.
Шығыстың ұлы режиссерлері
Жапондық аниме режиссері Макото Синкайды жұрт ессіз романтик деп жатады. Бәлкім сіз бұл адамның есім-сойын білмейтін шығарсыз, бірақ ол түсірген бір фильмді көріп немесе оның атауын естуіңіз бек мүмкін. Аниме тарихындағы ең көп қаржы жинаған «Сенің есімің» (2016), жүректі елжірететін «Секундына бес сантиметр» (2013), «Сұлу сөздер бағы» (2013) туындылары Макото Синкайдың қаламынан туған.
Бір кесе шайыр шайы
Бұл — оңтүстік-шығыс Қытайдағы ең танымал шайдың бірі. Оны шайыр шайы, ескі шырша сұрпы деп те атайды. Лапсанг сушонгты сипаттайтын иероглиф Уишань тауларын да білдіреді. Тек үстіңгі бүршіксіз піскен шай жапырақтары жаздың ең ыстық уағында ғана жиналады. Бұл шайды жинайтын ең қолайлы уақыт теңізден жел ескен шуақты күн болып есептеледі. Бірақ бұл тек басы ғана, оның толық жасалу жолын материалымыздан оқыңыз.
Ғалам ағашы
Ғалам ағашы — әлемнің көптеген тұжырымдамасын бейнелейтін ең көп таралған мифопоэтикалық образ, ол дүниежүзі халықтарының ежелгі өнерінде кездеседі. Шаман суретшілер Ордақұл тас тақталарына қандай ақпарат жасырды, материалдан оқыңыз.