«Елдің соңында қалатын болдым» деген қапылыс немесе FOMO синдромы: оның қандай қаупі бар?

Жарияланды
FOMO синдромы деген не? / Фото: elements.envato.com

«Жұрттан қалып қоятын болдым» деген үреймен әр нәрсенің басын шалатындар болады. Мұндай қорқынышты FOMO немесе fear of missing out деп атайды. FOMO синдромы кезінде адам басқалардың өмірі қызыққа толы, өз өмірі іш пыстыратындай сұрқай деп ойлайды. Айналасына қараса, бірі саяхаттап, енді бірі қымбат көлікті салоннан қолма-қол ақшаға алып, бірі алпауыт жобаларды іске асырып жатады. Ал өзі осының бәрінен тысқары қалғандай боп сезіледі. Бүгінгі материалымызда осы FOMO синдромы кімдерде және қалай пайда болады, онымен қалай күресеміз — осы туралы айтамыз.

FOMO синдромы деген не?

FOMO синдромы дегенде мұны бір ауыр психикалық-эмоциялық бұзылыс секілді естілуі мүмкін. Бірақ олай емес, алаңдамаңыз. Дегенмен жақсы деп те айтуға келмейді. Сонымен қысқа әрі нұсқа түсіндіретін болсақ, бұл — әлденеден тысқары қалып жатқандай сезімде болу. Яғни жасап жүрген ісіне көңілі толмайды. Қоғамның бір бөлігі екенін сезіне алмай жүреді. Мұндай синдром көп адамда кездеседі. Мысалы, MyLife платформасы осы бағытта сауалнама жасағанда қатысушылардың 56 %-ы әлеуметтік желіге кіре алмай қалса, «қызық нәрседен құр қалып қоятын болдым» деген үрей яки мазасыздықты бастан кешіргенін айтқан. Осы тақырыпта жасалған «Motivational, emotional, and behavioral correlates of fear of missing out»  зерттеу жұмысының нәтижесінде респонденттердің 75 %-на осы FOMO синдромы таныс болып шыққан. Бұл жерде атап өтетін тағы бір жайт: адамның жынысы, жасы маңызды емес. Бұл синдром кез келген адамда кездесе береді деген сөз. Әдетте адам әлеуметтік желіде неғұрлым көп отырса, оның FOMO көрсеткіші соғұрлым жоғары болады екен. Яғни жалпы өзін мазасыз ұстап, басқалармен салыстырғанда төмен сезінуі жиі кездеседі. 

Демек FOMO — ауру емес. Ол — адамның күйі. Бұл синдром халықаралық аурулар классификациясында да, DSM-де де тіркелмеген. Басқалардың өмірі бал-бұл жайнап жатқанына қарап бойыңызды үрей билегенінде тұрған ештеңе жоқ. Бұл — қалыпты құбылыс. Бірақ солай екен деп әрі қарай да өзіңізді тұқырта бермеуіңіз керек. Себебі егер өзіңізді құнсыздандырып, төмендете бергенді тоқтатпасаңыз, ол сізге күндердің бір күні зиянын тигізеді.   

FOMO синдромы бар адамдар қандай болады?

Атап өтетін басты белгі — көзін тырнап ашқан бойда телефонға ұмтылады. Сіз ұйықтап жатқан кезде не болды екен деп дереу лента ақтарып, бүкіл желіні шолып шығасыз ба? Демек сізде FOMO синдромы бар. Жаңа бір мем шықса, соны елден бірінші түсініп алуға тырысасыз ба? Трендтен қалмай, ТОП-тан түспей өмір сүру керек деп тыраштанасыз ба? Ендеше сіз FOMO-ға шалдыққансыз. Бір қарағанда көпшілігінде кездесетін құбылыс, оған сонша мән беру керек пе деуіңіз мүмкін. Бірақ адамның жады шектеулі. Дәл смартфондағыдай: ішіне көп сурет-видео сақтап, қолданба жүктей берсеңіз, «жад толып қалды» деп ескерту бере береді. Адамның миының да қабылдайтын ақпаратқа қатысты шектеуі бар. Бәрін бірдей есте сақтап алу мүмкін емес. Ақпарат ағыны қазіргідей қызу кезде бір трендтен бейхабар болсаңыз, онда тұрған ештеңе жоқ. Әйтсе де, құрбылардың чатындағы әзілді түсінбей қалғанда күлкіге қалудан қорқасыз. Сондықтан бәрінен хабардар болуға тырысып бағасыз.

FOMO синдромы бар адамдардың күйі:

  • «Достарым не істеп жатыр екен?» деген ой маза бермейді. «Менсіз қызық көріп қоятын болды» деп елеңдей береді;
  • Басқалардың саяхат, жаңа сатып алған заты, отырыстар мен жетістіктері туралы айтқан әңгімесін ауыр қабылдайды;
  • Кездесу айтарлықтай маңызды болмаса да, бара алмай қалған кезде қатты қапаланады;
  • Өзі үшін маңызды сәттердің өзінде (айталық, туған күні, еңбек демалысы, тойы) басқалардың өмірінде не боп жатқанын ойлап отырады;
  • Шақырған жердің бәріне барады. Кейде тіпті ол тақырып қызықтырмаса да қалмауға тырысады;
  • Ұзақ уақыт офлайн қала алмайды. Себебі біреу хат жазып қалады деп уайымдайды;
  • Бәріне ұнауға тырысып бағады. Барынша көп адаммен сөйлесіп, дос болғысы келеді;
  • Үйде қалып, демалудың орнына бос уақыт шыға қалса болды бір жаққа барғысы келіп тұрады. Соның кесірінен көбіне шаршаңқы болып, ұйқысы қанбай жүреді;

Бұл синдром қайдан пайда болады?

Жалпы адамзат баласы атам заманнан бері топ болып, ұжыммен жүргенді жақсы көреді. Сондықтан жалғыздықтан гөрі көпшілікпен бірге болуды қалауы — қалыпты құбылыс. Әлеуметтік желі болмаған кезде біреумен әңгіме соқса, кейін келе газеттерден жаңалық оқуға жалғасқан. Бірақ ол уақыттағы ақпарат ағыны дәл қазіргідей емес еді. Бүгінде ақпарат шамадан тыс көп. Неғұрлым көп тұтынған сайын, оның ментал саулығына соншалықты көп жүк түседі. FOMO синдромының дамуына әсер еткен басты триггер — әлеуметтік желі. Мысалы, бұрын әлдебір маңызды жаңалықты есту үшін досыңмен, туысыңмен кездесіп, бетпе-бет сөйлесу керек еді. Ал қазір интернет қосылып тұрса болды, мессенджерге жаза саласыз. Тіпті жазбай-ақ, кімнің не істеп жатқанын stories арқылы біліп отыруға болады.

Сондықтан бәріне оңай қол жеткізе алатындай мүмкіндіктің қауіпті тұсы көп. Әлеуметтік желіге кәдімгідей байланып, тәуелді болып қалуыңыз мүмкін. Мысалы, MyLife сауалнамасына қатысқан респонденттердің 26 %-ы әлеуметтік желіні темекі шегу мен сүйікті реалити шоуларына айырбастауға дайын екенін айтқан. Енді мұндағы бір мәселені айта кетейік: интернетте адам көп нәрсені әсірелеп көрсетеді. Яғни өтіп жатқан әдеттегі күнін керемет қылып түсіріп сала алады. Болмаса, қиындықтарын көрсетпей, кадрға тек жетістікке жетіп жатқанын, мақтауға тұрарлық сәттерін бөліседі. Сондықтан экранның ар жағындағы «бекстейджді» көрмегендіктен, қарап отырған адам өзін ол адамнан кем санап, күйзеліске түсуі ғажап емес.

Бұл жерде адам кадр сыртындағы өмірдің басқа болуы мүмкін екенін, тіпті көп жағдайда сондай екенін жақсы түсінуі керек. Ас бөлмедегі мұнтаздай жиһазды көргенімен, келесі бөлмедегі шашылып жатқан жерді ешкім көрмеуі мүмкін. Өмірі үнемі жетістікке толы, үйі жинаулы, ақшасы мол, отбасы берекелі, балаларымен мүлдем конфликтіге түспейтін адам болмайды. Сондықтан қарап отырған адамыңыз жайлы, мейлі ол бірге оқыған сыныптасыңыз болсын, мейлі танымал блогер болсын, біржақты пікір қалыптастыруға асықпаңыз. Оның офлайндағы өмірін қаншалықты жақсы білесіз? Барлығы шынында сол сторизге салынғандай мінсіз бе? 

Бұған дейін айтқанымыздай, адам ұжымдасып өмір сүреді. Сондықтан өзін әлдебір топқа тиесілі қылып сезінгісі келіп тұрады. Үлкен ұжымның бір мүшесі, отбасының мүшесі болғанын сезінсе, ол соған рахат сыйлайды. Қатарластары қызық көріп, бірге уақыт өткізгенін көрсе, тыс қалып қоймауға тырысады. Егер жалғыз қалып қойса, онда әлемнен баз кешіп, көңілі түседі. Сондықтан осындай жағымсыз ойлар мен сезімді сезінбес үшін барын салады. Өз саласындағы маңызды жерлерде жүреді, мақтауға іліну үшін өзін басқалармен салыстырып, басып озуға тырысады. Әсіресе, өзіне сенімділігі төмен адамдар үнемі басқалардың ойын оқып, ұнатуға барын салып жүреді. Сау санамен өз-өзін құрметтеп үйренбейінше, басқалардың ойынан тәуелсіз болу қиын.  

FOMO синдромымен қалай күресуге болады?

Әрине, маманның көмегімен құтылған жақсы. Өзіңіздегі жағымсыз сезімдердің туындау себебін анықтап, терең қазып, шешімін тапқан дұрыс. Бірақ синдром өмір сүруге айтарлықтай кері әсер етпейтін болса, онда бірқатар «үй тапсырмасын» орындап жүрсеңіз жеткілікті. Ол үшін сізге бірнеше қадамнан тұратын тапсырма ұсынамыз:

Бірінші қадам. Қолынан бәрі келетін бесаспап емес екеніңізді және бір тәулікте 24 сағат қана барын мойындаңыз.

Былай қарағанда мұны барлығымыз білеміз. Дегенмен соны шынында түсініп, қабылдау үшін кей адамға жылдар кетеді. Әсіресе, декретте отырған әйелдерге қоғамда қысым көп. «Үйде отыр», «жұмыс істемейді» деген сөздерді жиі естіген сайын ол әйел үй шаруасы мен баланың тәрбиесіне қоса, қоғамда мойындалу үшін жаңа сала үйреніп не слингке баласын орап алып жұмысқа шығып кетеді. Бір уақытта әрі ана, әрі әйел, әрі қызметкер болуға тырысады. Студенттер болса, оқудан бөлек түрлі курсқа жазылып, түнімен қыдырып, жаңа хобби іздеп әлек. Кәсібін енді бастағандар болса, басын тасқа да бір тауға да бір соғып, түрлі тендерге қатысып, ұтып алмаса салы суға кетеді. Сондағысы бәрінің ойы: «анау істегенде неге мен істей алмаймын?», «мен кімнен кеммін?». Әрине, өмір — жарыс. Дегенмен үнемі біреумен бәсекеде, жарысып, үздіксіз санасқанның соңы жақсы болмайды. Бұл стратегиядан күндердің бір күні ұтыласыз. Өзіңізге мықты әрі табысты болуға мүмкіндік жасаңыз. Бірақ «ең мықтысы мен болам» деп тыраштана бермеңіз. Кейде қатардан қалмай жүрген де жақсы. 

Екінші қадам. Саналы болуға ұмтылыңыз.

Адам өзін іштей тыңдауды үйренуі керек. Басқалардың сізді көргісі келетін бейнесі емес, өз қалауыңыз маңыздырақ. Рефлексия ритуалдарын өзіңізге сұрақ қойып, соған жауап беру арқылы жасап көріңіз. Мысалы, қазір жұмыстан кейін сізді достарыңыз отырысқа шақырып жатыр. Одан кеш қайтатыныңыз анық. Ал ертең таңертең анализ тапсыруыңыз керек. Не істейсіз? Мұндайда өзіңізге мына сұрақтарды қойып көріңіз:

  • Қазір мен мына отырысқа шынымен қатты барғым келіп тұр ма, әлде елден қалмаудың амалын жасап жатырмын ба?
  • Достарыммен уақыт өткізуге физикалық және психологиялық күшім жете ме? 
  • Қазір отырысқа кетсем, ертең анализ тапсыруға тұра аламын ба? Жалпы осы отырысқа баруға уақытым бар ма?
  • Бұл кездесу соншалықты маңызды ма? Бәлкім, маған қазір үйге ерте барып ұйқымды қандырып, ертең дәрігерге барған жөн шығар?
  • Егер қазір мен отырысқа бармай қалсам, достарым менен теріс айнала ма? Бәрі тегіс қалмай бара ма?
  • Осылай отырысқа басқа біреу келмей қалса, менің оған көзқарасым өзгере ме?

Үшінші қадам. «Дижитал детокс» жасап көріңіз. Әлеуметтік желіні шектеңіз.

Осы тақырыпта жасалған зерттеулерге қарасақ, ішкі тәртібіңіз мықты болған сайын, FOMO синдромының пайда болу ықтималы төмендей береді. Ал желіде неғұрлым көп уақыт өткізсеңіз, синдромды жұқтыру оңай. Сондықтан белгілі бір уақыт сайын желіден бас тартып, «тазарып» тұрыңыз. Пайдасын көресіз. Сіздің бір күн желіге кірмегеніңізді көпшілік тіпті байқамай да қалады. Уайымдамаңыз. Қанша күндік демалыс керек екенін өзіңіз шешесіз.

Төртінші қадам. Алғыс айту деген практиканы қолданып көріңіз.

FOMO синдромының кесірінен адамда өмірінде қызық жоқ секілді иллюзия пайда болады. Бірақ, шын мәнінде, бұл оның ойы ғана болып шығуы мүмкін. Дұрыстап ойлансақ, әр күнде жақсылық болады. Өзіңізге, әлемге алғыс айтатын себеп сіз ойлағаннан көп. Бастысы, жақсылап іздеңіз. Әр ұсақ-түйекті ескеріңіз. Мысалы, жұмысқа шығарда шашыңызды әдемі қылып тарай алсаңыз, оның өзі сізге қуаныш сыйлайды емес пе? Баристаның әзірлеп берген кофесі дәмі тіл үйіретін болып шықса ше? Жүгіремін деп ойлап жатып, уәдеде тұрып таңертең тұрып, жүгірсеңіз, ғажап қой? Міне, осы сынды бір қарағанда біз байқамайтын, бірақ көңілге жылы тиетін сәт көп болады. Яғни қуану үшін міндетті түрде Cartier сағатын алудың қажеті жоқ. Осы сынды жағымды сәттерді тізіп, есте сақтап үйренген сайын өзіңізді жақсы сезінесіз. Әрі біз айтқан синдроммен күресуге көмектеседі. Өз өміріңіз туралы көп ойланған сайын басқалардыкін ойлауға уақытыңыз азаяды. 

Бесінші қадам. JOMO концепциясын байқап көріңіз.

Алдымен мұның не екеніне тоқталайық. Клиникалық психолог Кристен Фуллер ойлап тапқан бұл концепцияны  joy of missing out деп атаған. Бұл — FOMO-мен күресуге арналған ең мықты эмоциялық-интеллектуал дәрі. Бүгінде трендте «дәл қазіргі сәтпен өмір сүру» деген ұстаным бар. JOMO соған ұқсас. Дәл қазір болып жатқан нәрседен ләззат алуға үйренуге шақырады. «Былай қылғанда басқаша болар еді» деп қазбалаудың орнына, жағдай қалай болса, соған қуану қажет. Соның арқасында өзіңізді басқалармен салыстыруды қоясыз. Жұрттың сіз туралы не ойлайтынына бас қатырмайсыз. Әлбетте, бұлай ету оңай емес. Дегенмен барынша тырысып көріңіз. Егер қолыңыздан келмесе, онда маманға жүгінуге болады.      

FOMO денсаулыққа қалай әсер етеді?

TEDxUNC спикері болған Бобби Мук FOMO себебіне үңілудің маңызы туралы айтқан еді. Неге олай болып жатқанын түсінген кезде біз жағдайды бақылауда ұстай аламыз. Мысалы, жұмыстан шығып, үйге келдіңіз. Ойыңызда ештеңе жоқ, тынығып жатырсыз. Өзіңізге ұнайтын тамақты алдырып алғансыз. Сөйтіп Instagram-ды ашып қалып едіңіз, достарыңыз қыдырып жүр екен. Әп-сәтте көңіліңіз түсіп, ренжіп, әлгі қамсыз тынығып жатқан сәттің быт-шыты шықты. Мұндай кезде адам санасын іске қосуы керек. Сіз ештеңеден қалған жоқсыз. Аспан айналып жерге түспейді. Арасында өзіңізбен-өзіңіз үйде қалған пайдалы. Енді осындай сәттерде FOMO-ның әсері қандай болатынын тізіп көрелік:

  • Үрей мен күйзеліс. Әлдене дұрыс емес деген сигнал келеді. Құдды сізді бөлектеп тастағандай боласыз. Қапалысыз. Егер осындай мазасыз күйде ұдайы жүре берсеңіз, оның соңы үлкен мәселелерге әкеп соғуы мүмкін. Қан қысымы көтеріліп, иммунитет құлдырап, гормондардың жұмысы бұзылады. 
  • Апатия. Алдыңғы сезімдерге қоса өмірге деген өкпе пайда болады. Шаршайды, өзін артта қалған адам сезінеді. Елең-алаң күй кешеді.     
  • Концентрация жоғалады. Әлеуметтанушы Георг Зиммельдің айтуынша, егер үнемі лентаны скролдаумен уақыт өткізетін болсаңыз, онда ақпараттық шаршауға тап боласыз. Эмоция шектен тыс шығатындықтан, ақпарат тым көп болғандықтан, адам логикамен ойланудан қалады. Миы шаршап, жұмысы әлсірей бастайды.
  • Ұйқы бұзылады. Стресс кезінде ұйқысыздық қоса жүреді. Бәрінің өмірін бақылап үйренген кезде адам телефонға қалай тәуелді болып қалғанын өзі байқамай қалады. Соның салдарынан ұйқы бұзылады. Таң ата ұйықтап, күні бойы ұйқы келіп жүргені жақсы емес.
Сондай-ақ оқыңыз