Жаңалықтар

АҚШ-тың Сауда министрлігі санкциялар тізіміне тағы бір қазақстандық компанияны қосты

АҚШ-тың жаңартылған санкциялар тізімінде Қазақстан компанияcы да бар / Фото:архив kursiv.media 

АҚШ Сауда министрлігі санкциялар тізімін жаңартып, оған тағы 123 компания қосты. Оның арасында Қазақстан мен Қырғызстанда тіркелген All Global Trading Elektronik Dis Ticaret Ltd Sti түрік фирмасы да бар. Бұл туралы ақпарат Америка үкіметінің федералды тізілімінде жарияланды.

Өнеркәсіп және қауіпсіздік бюросының мәліметінше, тізімдегі 123 компания АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі немесе сыртқы саясатының мүдделеріне қайшы әрекет етеді.

Түрік компаниясының Қазақстан мен Қырғызстандағы филиалдарынан бөлек, санкцияларға 64 ресейлік және 42 қытайлық, сондай-ақ 8 түрік, 11 ирандық компания ілліккен. Бұған қоса, Канада, Кипр, Украина және БАӘ-нің бір-бір субъектілері санкцияға ұшыраған.

Ашық дереккөздегі мәліметтерге сүйенсек, All Global Trading Elektronik Dis Ticaret Ltd Sti электр құрылғылары мен жабдықтарын, электр сымдарын және сонымен байланысты жабдықты көтерме саудалау секторында жұмыс істейді. Оның бас кеңсесі  Ыстанбұлда орналасқан.

Бұған дейін АҚШ пен ЕуроОдақ санкциясына ұшыраған қазақстандық қос компания қайталама санкция қаупін төндіретін тұлғалар тізіміне енген еді. Атап айтқанда, бұған дейін Еуроодақ санкция салған – Da Group пен Elem Group компаниясы.

Сонымен қатар бұл тізімге ВТБ Қазақстан банкі де кірген. Бұл банк – санкцияға ұшыраған ресейлік банктердің Қазақстанда жұмыс істеп тұрған жалғыз еншілес ұйымы.

Жыл басында DA GROUP 22 компаниясы АҚШ санкциясының астында қалған. Ашық дереккөз мәліметінде бұл компания 2022 жылы тіркелгенін көруге болады. Электронды және телекоммуникациялық жабдықтар мен олардың қосалқы бөлшектерін сатумен айналысады. Бірінші басшысы мен құрылтайшысы ретінде Носаева Лиля көрсетілген.

Сонымен қатар TOO Elem Group-қа да  Еуропалық Одақтың санкциясы салынды. Бұл компания электронды және телекоммуникациялық жабдықтар сатады.