Jusan Bank (толық атауы – First Heartland Jusan Bank) Kcell ұялы байланыс операторының 10% және одан да көп акцияларына иелік ете бастады деп хабарлайды KASE (Қазақстан қор биржасы).
10% және одан да көп акцияға ие Kcell акционерлерінің құрамы өзгертілді. Бұған дейін бұл тізімге «Қазақтелеком» (51% акция) және Ғалымжан Есенов (14,87%) кірген болатын. Енді оларға Jusan Bank қосылды. 2024 жылдың 30 маусымындағы жағдай бойынша банк акциялардың 9,08%-ын иеленді.
Құжатта қазір қаржы ұйымы иелігіндегі нақты үлес көрсетілмеген, алайда Kcell «Курсивтің» сұрауы бойынша банктің үлесін 0,93%-ға – 9,08%-дан 10,01%-ға ұлғайтқанын хабарлады. Ал «Қазақтелеком» мен ЕсеновтІң акциялары сол қалпында қалды.
Аты аталған үш акционерден басқа, 30 маусымдағы жағдай бойынша Kcell иелері Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры – 7,06% және Тимур Турлов – 2,62% болды. Сондай-ақ Тимур Турловқа қатысты түрлі құрылымдар Kcell акцияларының 6,91%-ын иеленді. Компания нарықта екі брендпен ұсынылған – Kcell және Activ.