Орта жолда мамандық ауыстырам десеңіз немесе профориентация карьера жасауға қалай көмектеседі?

Жарияланды
Профориентация деген не? / Фото: kursiv.media

Мамандық таңдарда ойы сан-саққа жүгіріп, кім боларын білмей жүргендерге көмектесетін маман бар. Ол — профориентолог. Бұл маман тест алып қана қоймай, жеке қалауыңыз, қызығушылықтарыңыз бен қажетіңізді ескере отырып, мансап құруға қол ұшын береді. Яғни адамның қай жерде әлсіз, қай тұста мықты екенін анықтайды. Одан соң еңбек нарығына анализ жасап, кәсіби жолын бастауға көмектеседі. Профориентация жасөспірім не студенттерге ғана емес, ересек, басқа салада жұмыс істеп көргендерге де артық етпейді. Олай болса, бүгінгі материалымызда профориентация деген не, маманға қашан жүгіну керек екенін талдаймыз.

Профориентация деген не?

Профориентация деген — біреуін таңдау үшін мамандықтармен жақынырақ танысу. Ол үшін адамның қабілеті мен білігіне, мінезіне анализ жасалады. Сонымен бірге нарықты зерттеп, бір бағытқа тоқталуға көмектеседі. «Кім болам?» деп маманның алдына барған кезде алдағы 5-10 жылға жоспар құру керек. Яғни ұнайтын мамандықты анықтап қана емес, cол саланың болашақта қаншалықты сұраныста болатыны да ескеріледі. Әрі жаңа мамандықты игеруге қанша уақыт кетеді — бәрін үтір-нүктесіне дейін қарастырады. Профориентацияға келген адам мынадай нәтиже алады:

  • Өз қасиеттерін тани түседі. Әлсіз тұсы қандай, қандай мықты қабілеті бар, ойлау жүйесі қандай, мамандыққа қатысты қалауы не — бәрі белгілі болады.
  • Еңбек нарығындағы реал жағдайды көз алдына келтіреді. Яғни қазір шығып жатқан қандай жаңа мамандықтар бар, оларға деген сұраныс деңгейі жоғары ма, жалақысы қандай деген мәселенің бәрін анықтайды. Мысалы, сіз ағылшын тілінің мұғалімісіз. Мектептегі жұмыстан қатты шаршайсыз. Осы білігіңізді әрі жоғары жалақы алуға, әрі жеке өмірге көбірек уақыт бөле алатындай қылып өзгерткіңіз келе ме? Мұндайда профориентация көмектеседі. Өйткені ағылшын мұғалімі мектепте ғана емес, онлайн-курстар жүргізіп, инфобизнеспен айналысып, репетитор бола алады. Уақытыңызды өзіңіз басқарасыз, табысыңыз да арта түседі. Міне, нарықты зерттегеннің артықшылығы осында.
  • Өзіңізді жақсырақ тани бастайсыз. Өйткені маман сіз үшін дайын схема сызып бере салмайды. Сіз үшін шешім де шығармайды. Бар болғаны өзіңізді қазбалап, дұрыс таңдау жасауға ықпал тигізеді.

Сонымен профориентолог маманның міндеті — алдына келген адамның мықты тұстарын анықтап, оған болашақ мамандығына байланысты жол таңдауға бағыт беру. Негізі маманға бармас бұрын өзіңіз де тегін тестерден өтіп көрсеңіз болады. Интернетте профориентация тестілерін таба аласыз. Профориетологқа барғанның жақсы тұсы сол — ол психолог әрі коуч секілді бағыт беріп, нұсқап отырады. Егер сіз маманнан кеңес аламын деп шешсеңіз, процесс қалай өтетінін айтайық. Профориентация түрлі форматта өтуі мүмкін. Ол бір реттік кеңес бола ма, әлде бірнеше аптаға созылатын бағдарлама ма, жоқ трениң не жеке сабақ па — оны өзіңіз шешесіз.

Мысалы, жеке бағдарлама алған жасөспірімнің профориентациясы қалай өтетінін мысал түрінде талқылайық. Мұндай бағдарлама бірнеше аптаға созылады. Оның ішінде 2-3 кездесу мен бірнеше үй тапсырмасы беріледі. Алғашқы кездесуде маман оқушымен сұхбаттасады, ата-аналарын әңгімеге тартады. Әдетте, жасөспірімдерге профориентация жасату идеясы ата-аналар тарапынан болады. Сонымен маман бірінші кездесуде баламен танысып, одан кейін ата-анасымен сөйлеседі. Бір маңызды нәрсе: баламен бөлек, ата-анасымен бөлек сөйлесуі керек. Сонда жұмыс жемістірек жүреді. Кейіннен жасөспірім бала туралы деректер жиналып, оған сұрақтар қойылады. Мұның барлығы бала туралы барынша көп ақпарат алу үшін керек.

Ал енді екінші кездесуде балаға тапсырма беріледі. Ол тапсырма жасөспірімнің жасы мен сұраныстарына қарай әр түрлі болады. Айталық, бала профориентация тестін жасап, болашағын қалай елестететіні туралы шығарма жаздыруы мүмкін. Ал ата-анасымен сөйлескенде кезде отбасының қаржылық жағдайы туралы сұрақтар қойылады. Баланың оқуын төлеуге жағдайы жете ме, қандай бюджет бөле алады? Кездесулер арасында қызу жұмыс жүріп жатады. Яғни бала берілген тапсырмаларды орындайды, маман өзіндегі бар ақпаратты өңдеп, қорытады. Қалауына қарай үйлестіріп, түрлі нұсқа жасайды. 

Үшінші кездесуде барлық жиналған ақпарат нәтижесінде маман ұсыныс айтады. Сол нұсқаларды барлығы отырып талқылайды. Профориентолог бір бағытты ғана емес, сәйкес келеді-ау деген 4-5 бағытты бірден ұсынады. Қандай траектория бойынша жүрген абзал, қандай курстар бар, қай университет мықты дегендей барлығы жан-жақты зерттеледі. Ата-анасының жағдайына қарай оқу орындарын, грант керек болса қай жерде қандай бағдарлама барын да ұсыныс қылып айтады.

Профориентация тестілеріне сенуге бола ма?

Тест дегеніміз — сауалнама. Ол адамның қабілеттерін, артықшылықтарын анықтауға көмектеседі. Тегін тестілерді өткеніңізбен, оған анализ жасамасаңыз бәрі бекер. Себебі бұл жерде маңыздысы — анализ. Шама келсе, бірнеше тесттен қатар өтіңіз. Сөйтіп барлығының нәтижесін алып қарап, ортақ байламға келу оңайырақ. Біреуінде байқалмаған тұс екіншісінде дөп түсуі мүмкін. Себебі бір ғана тесттен өтсеңіз, оның нәтижесі онша шындыққа жанаспауы ғажап емес. Кейбірінің нәтижесін тіпті құлаққа ілудің қажеті шамалы болады. Олай болса, назарыңызға танымал әрі негізгі сауалнамалардың бірнешеуін ұсынайық:   

  1. Холланд тесті (Голланд тесті деп те атайды). Бұл кәсіби таңдауға көмектесетін теорияға сүйеніп жасалған. Сауалнама авторы — Джон Холланд. Ол адамдардың кеңседе істейтін, реалист, кәсіпкер, әртіс, әлеуметтік және интеллектуал деген типтері бар дейді. 
  2. Климов тесті. Мұнда кәсіби қызығушылық классификациясына негізделеді. Автор бес саланы алып қарастырады: табиғат, техника, белгілер жүйесі, өнер және қоғам. Осы бес саланың әрқайсысында түрлі мамандық топтастырылады.
  3. Йовайши тесті. Кәсіби машығы қай жаққа жақсырақ келетінін анықтауға көмектеседі. Бірақ бұл көбіне мектеп оқушыларына бағытталған. Тесттен өткен соң нәтижесінде бір сала ұсынылады: адамдармен жұмыс істейтін, тәжірибелік, интеллектуал, эстетикалық, жоспарлы-экономикалық және экстремал.
  4. Шейн тест. Кандидаттың қажетін, құндылығын, приоритетін ескере отырып, жұмыс таңдағанда басты мән беретін «құрығын» анықтайды. Оның ішінде кәсіби құзірет, менеджмент, тәуелсіздік, тұрақтылық, кәсіпкерлік, қызмет ету, челлендж және өмір стильдерін біріктіру дегендер бар.

Бастысы, тесттерде дұрыс не бұрыс жауап деген болмайтынын ескеріңіз. Яғни сіз шынайы жауап беруіңіз керек. Жұрттың ойынан шығатындай, мақтау естуге лайық болу үшін өтірік жауап берудің қажеті жоқ. Тіпті әлсіз тұсыңыз болса да, ол жаман емес. Біреу көпшіліктің алдына шығып сөйлеуден қашқақтауы мүмкін. Енді бірі телефон арқылы сөйлескеннен гөрі хат алмасқанды жақсы көреді. Бұлар кемшілік емес. Егер ұялып өтірік жауап белгілейтін болсаңыз, онда нәтижесі сізге көмектеспейді.  

Кәсіби траекторияны өзгертудің жолдары

Адам өзін-өзі алдамауы керек. Сондықтан ішіңізге үңіліңіз. Профориентация жасауға көбіне кризисте жүрген, бірдеңені өзгерту керек деп жүрген адамдар жүгінеді. Бірақ өздігімен өзгертейін десе, жаңа бағыт қорқынышты әрі беймәлім көрінеді. Мұның себебі кейде материалдық жағдайға тірелсе, енді бірі психологиялық жағынан болады. Мысалы бір адам ақшадан қысылып жүр делік. Жұмысынан шығып кеткен не қысқартып тастаған. Болмаса, жалақысы мардымсыз. Психологиялық себептердің денін қарасақ, жұмысты орта жас кризисін бастан өткеріп жатқандар ауыстырады екен. Яғни өмірдің мәнін іздеп, жаңа нәрселерді байқап көруге құлшыныс ашылады.  

Егер маман алдына келген адам эмоциялық тұрғыда қатты күйіп кеткен не депрессияда жүрген болса, онда оған алдымен психологиялық кеңес алып, арнайы мамандарға жүгіну қажет. Себебі ойы шашырап, абдырап жүрген адамның дұрыс шешім қабылдауы неғайбыл. Ондай кезде профориентолог бірінші психолог не психиатрға бағыттап, содан кейін ғана кәсіби қызмет һәм қолдау жасауы қажет. Егер ойыңыз шашырап жүрсе, онда ең дұрысы жақындарыңыздан өзіңіз жайлы сұрастырыңыз. Жақсы араласатын, сыйласатын, сенетін адамдарға мына сұрақтарды қойып көріңіз:

  • Сіздің қандай мықты тұстарыңыз бар?
  • Сіздің қандай жақсы қасиеттеріңізді біледі?
  • Сізден қандай мәселеге қатысты көмек сұрап келер еді?
  • Қандай әлсіз тұстарыңыз бар?
  • Қандай машықтарыңыз әлсіз? Қай тұсты дамыту керек?

Мұндай кезде өзіңізбен диалог құру да аса маңызды. Сондықтан қолыңызға қалам мен қағаз алыңыз да, өзіңізге сұрақ қойыңыз:

  • Мен қандаймын?
  • Мен үшін не нәрсе маңызды?
  • Қандай істен рахат аламын?
  • Немен айналысқанда көңілім түсіп, шаршап қаламын?
  • Кәсіби жолда не нәрсеге қол жеткізгім келеді?

Осылай сауалнама жасап алғаннан кейін еңбек нарығын зерттеу керек. Өзіңізді басты артықшылықтарыңызды біліп алғаннен кейін түрлі мамандықты ойластырып көріңіз. Қазір желіде мамандықтарға шолу жасайтын мақала да, видео да көп. Ерінбей оқып, қарап шығыңыз. Болмаса, жұмыс іздеуге арналған платформаларды ақтарып, олардың қай қызметке қандай машық керегі жазылған сипаттамаларын қараңыз. Осылай істеу арқылы сұранысты да, жалақыны да біліп отырасыз. Айтпақшы, осы вакансиялар салатын платформаларда еңбек нарығына анализ жасалған мақалалар жиі салынады. Оларды да шолып жүріңіз. Қазіргі трендтердің бірі — дижитализация мен жасанды интеллект. Оны да қолданып көрсеңіз болады. 

Одан соң сіз мақтап қойып, жұмысқа қатысты талаптарыңызды нақтылауыңыз қажет. Мамандық не саланы нақты таңдағаннан кейін сол туралы қосымша сауалдар қойыңыз:

  • Жұмыс кестемнің қандай болғанын қалаймын?
  • Қандай форматта жұмыс істегім келеді?
  • Мен таңдаған ниша әлі бос па, әлде толық па?
  • Мен тұратын жерде істегім келетін позицияға жұмыс бар ма?
  • Жұмысты енді бастаған кезде қанша айлық алғым келеді? Ең көп дегенде жалақы қандай болса деймін?
  • Осы мамандықтың болашағы қандай? Мансап жолында өсе аламын ба?
  • Үлкен ұжымда істегім келе ме, шағын ұжым жақсы ма? Команда қандай болуы керек?
  • Қаласам, қандай ұқсас салаға ауысып кете аламын?
  • Мен қызығып отырған мамандық жайлы қаншалықты жақсы білемін? Қанша дереккөзден қарадым?
  • Мен таңдаған жұмыстың жақсы тұстары мен жаман тұстары бар? Маған ол тұстар ыңғайлы ма?
  • Жұмысыма қандай машықтар керек? Мен қазір не істеймін, нені енді үйренуім керек?

Барлық артықшылық пен кемшілікті біліп алғаннан кейін, енді жұмысқа тұруға болатын компаниялар тізімін жасау керек. Спецификациясы қандай? Жалақысы ше? Үміткерлерге қандай талап қояды? Ол жерде істейтіндердің пікірі қандай? Байқасаңыз, профориентация өте ауқымды әрі концентрацияны талап етеді. Шын қалауыңызды айтып, кіріссеңіз, нәтижесі қуантады. 

Профориентолог таңдағанда не нәрсеге мән беру керек?

  • Білімі. Негізі психологиялық не соған жақын мамандық иесі болғаны жақсырақ. Педагогикалық білімі бар не эйчар болып істеп көрген болса, құба-құп. Әрине, диплом басты көрсеткіш бола алмайды. Кейстері ол туралы толығырақ ақпарат береді.
  • Тәсілдері. Әрине, «мына тәсіл 100% нәтижелі болады» деп ешқашан айта алмаймыз. Дегенмен жұмыс әдісіне мән беру қажет. Мысалы отбасыңызбен бірге ме, бөлек пе, трениң форматында өте ме, әлде жеке ме? Тестке сүйене ме, әлде ойын мен диалог па? Өзіңізге уақыт пен ыңғайға қарай үйлесетінін таңдаңыз.
  • Қаласы. Аймақтарда тұратын мамандар ірі қаладағылардан қарағанда арзандау алады. Сессияны онлайн өтсеңіз болады. Сіз тіпті алматылық болсаңыз да, мұндағы нарықты аймақтағы маман біле береді. Себебі бәрінің дереккөзі — интернеттен не карьералық кеңесшілер қауымдастығынан. Бастысы, онлайн формат өзіңізге қолайлы болса болды.
  • Қызмет ақысы. Ол әрқалай болады. Маманның қаншалықты сұранысқа ие екені, аймағы, бағдарламасы, форматы мен тәжірибесіне қарай қойылады. «Ең қымбаты — мықты, ең арзаны әлсіз болады» деген ойыңыз қате болуы да мүмкін. Өз шамаңызға қарағаныңыз абзалырақ.
  • Арадағы байланыс. Бұл жерде маңыздысы, ол құдды психолог іспеттес. Ол маманға толық ашыла аласыз ба? Бүкіл ойыңызды бүкпесіз айтуға дайынсыз ба? Осыған да көп нәрсе байланысты. Егер қысылып, қымтырылып қалсаңыз, нәтижелі болмайды. 

Нәтижесін алған соң не істеу керек?

Сонымен сіз өзіңіз туралы толыққанды ақпарат алдыңыз. Маман ұсыныс дайындап берді. Енді соны жақсылап қорыту керек. Өзіңізге өзекті болған тақырыптарға қатысты мастер-класс, конференциялар іздеп көріңіз. Қатысыңыз. Сол саланың мықтыларының берген сұхбаттарын қарап шығыңыз. Одан кейін мамандық меңгеруге қатысты жоспар құрыңыз. Алғашқы қадамдар қандай болатынын тәптіштеп жазыңыз. Мысалы сіз мамандықты ауыстырып, уеб-дизайнер болғыңыз келді делік. Олай болса, жоспар шамамен мынадай болады:

  • Таңдаған мамандығыңызға қатысты тегін вебинарға жазылыңыз;
  • Түрлі платформадағы курстарды қарап шығыңыз;
  • Оқып алыңыз;
  • Портфолиоға бірнеше кейс жинап алыңыз. Кейбірін тегін істеп, кейбірін арзандау ақыға істесіңіз де болады. Сізге керегі — портфолио.
  • Агенттікке толыққанды жұмысқа тұрыңыз;

Әркімде таңдаған мамандығы мен қалауына қарай жоспар әр түрлі болады. Бастысы, сізде нақты сызылған әрі қадамдар жазылған болуы керек. Сонда кәсіби жолда жетістікке тезірек жетесіз.

Сондай-ақ оқыңыз