Бір баланы мектепке даярлауға қанша теңге керек?
Биыл мектепке 3,9 млн бала барады. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 500 мыңнан астам баланы мектепке дайындау үшін ата-аналарға 43 307 теңгеден беріліп жатыр. Бұл сома бір баланың киімі, керек-жарағына жете ме? Алматыдағы базарлардың біріне барып, бір балаға қажетті шығынды есептеп қайттық.
Қыздардың мектеп киімі қанша тұрады?
No name бренд дүкенінде Түркия, Бішкек, Бейжің өндірушілерінің тауарлары бар. Тауар құнында өндірушіге байланысты біршама айырмашылық бар. Жейденің ең арзаны 4 500 теңге болса, ең қымбаты түркиялық өндірушінікі – 13 мың теңге. Белдемше 5000 теңгеден басталады, түркиялық белдемше құны 12 мың теңге. Қыздардың шалбары 7 000 теңге. Пиджак – 15 мың теңгеден басталады. Бұған қосымша бантик, гольф шұлығы, майка сияқты қосымша шығындар тағы бар. Спорттық киім орташа есеппен 14 мың теңге. Дегенмен терлетпейтін, матасы түтілмейтін спорт киім 25 мың теңге.
Костюм-шалбар әпергенде, оқушы баланың киімі тіпті қымбатқа түсетін сияқты. Мысалы, сол костюм-жилет-шалбар құны қарапайым дүкенде 25 мың теңгеден басталып, 40 мың теңгеге жетеді. Ал бренд дүкенде баға 35 000 теңге. Шалбар жеке – 7 000 теңге. Жейдесі 5000 теңгеден басталады. Бренд дүкенде 8 000 теңге. Ұлдардың да қосымша шығындары бар.
Аяқ киім бағасы да әдеттегідей өндірушіге байланысты. Қытайда жасалған ұлдардың классикалық аяқ киімі 6 000 теңгеден 12 мың теңгеге дейін. Спорттық аяқ киімдердің бағасы да сондай. Ал түркиялық аяқ киімдер 10-25 мың теңге аралығында. Қыздардың аяқ киімі қымбат. Мысалығ қытайлық лофер 12 мың теңгеден бастаса, былғары туфли 25 мың теңге. Крассовканың орташа бағасы 12 мың теңге.
Бастауыш сынып оқушыларының сөмкесі 3 500 теңгеден басталады. Ал орта және жоғары сынып оқушылары сөмкесінің бағасы 6 500 теңгеден 12 мың теңгеге дейін. Енді осы сөмкені кеңсе заттарымен толтырайық.
Сатушының айтуынша, кеңсе заттарын әперуге жоғары сынып оқушысына 7-8 мың, бастауыш сынып оқушысына 10-15 мың теңге керек. Өйткені бастауыш сыныпта оқитын баланың ермексаз, акварель бояуы, қайшы, желім, сияқты қажет заты көп. Сонымен, ең қажетті кеңсе заттарының бағасын есептейік. Ең арзан қаламсаптың бір данасы – 50 теңге, ең қымбаты – 250 теңге. Тізім қара қарындаш, түрлі түсті қарындаш, пәндік дәптер, қалың дәптер, сурет дәптері, сызғыш, өшіргішпен жалғасады. Ал 12 беттік жай дәптердің данасы – 5 теңге. Бірақ кеңсе заттарын дәптермен қосып алмасаңыз, 27 теңге.
Осы аралықта баласын мектепке дайындап жүрген ата-аналардан қанша қаражат жұмсап жатқанын сұрадық. Көпшілігі бір баланы бір сыпыра киіндіріп, сөмкесіне оқу құралдарын жинап беруге 100-130 мың теңге қаржы жұмсайды екен.
Баға төмендеуі мүмкін
Тамыздың екінші жартысы өтіп жатыр. Қыркүйек жақындаған сайын мектеп киімдері мен оқушы керек-жарағының құны қымбаттай түсе ме? Бұл сұрақты саудагердің бірінен сұрадық. Оның айтуынша, керісінше 14 тамыздан кейін тауар арзандайды. Өйткені дүкен иесіне биылғы тауарды келесі жылға қалдырмай сатып тастау тиімді екен.
Сондай-ақ киімнен бастап ұсақ-түйекке дейін шетелдік маркетплэйстерден тапсырыс беретіндер де бар. Бірақ сатушылар бұл фактор қазіргі маусымдық саудаға мүлдем әсер етпеді деп отыр.