Lifestyle

Бибісара Асаубаева Тбилисидегі шахматтан гран-при кезеңінде күміс медаль жеңіп алды

шахматы
Бибісара Асаубаева турнирді жеңіліссіз аяқтады / Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі

Қазақстандық спортшы Бибісара Асаубаева Грузия астанасы Тбилисидегі шахматтан гран-при кезеңінде күміс медаль жеңіп алды. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі хабарлады.

Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшысы соңғы турда үндістандық Вейшали Рамешбабумен тең түсіп, ұпай санын 5,5-ке жеткізген. Асаубаевамен қатар келе жатқан польшалық Алина Кашлинска қарсыласы Мария Музычуктен басым түсіп, 6 ұпай жинаған. Осылайша польшалық шахматшы алтын, қазақстандық шахматшы күміс медаль алды.

Айта кетейік, гран-придің осы кезеңін Бибісара Асаубаева жеңіліссіз аяқтаған. Алдымен испаниялық Сарасадат Академалшариехті, кейіннен швейцариялық Александра Костенюкті жеңіп, қалған партиялардың бәрінде қарсыласпен тең тарқасқан.

9 тамызда мектеп оқушылары арасындағы рапид және блиц бойынша әлем чемпионатында қазақстандық оқушылар 7 алтын медаль алды. 13 маусымда 20 жасар Қазыбек Нөгербек шахматтан әлем чемпионы атағын жеңіп алған.

Халықаралық шахмат федерациясының президенті Аркадий Дворкович Қазақстандағы білім саласына шахмат ойынын енгізу, сондай-ақ спортшыларды даярлау бастамасын жоғары бағалады. Ол KazChess басшысы Тимур Турловпен елімізде шахматты дамытудың 2027 жылға дейінгі кешенді жоспарын талқылады.