Жаңалықтар

Франция соты Павел Дуровтың қамау мерзімін ұзартты

Telegram өкілдері Павел Дуровтың қамауға алынуына қатысты пікір білдірді / Фото: shutterstock

Франция соты Telegram негізін қалаушы Павел Дуровты қамауға алу мерзімін ұзартты. Ол 4 күнге дейін созылған болуы мүмкін. Бұл туралы тергеуге жақын дереккөздерге сүйене отырып, Тhe Guardian басылымы хабарлады.

Басылымның ақпаратына сүйенсек, Дуровты қамау мерзімі 96 сағатқа созылуы мүмкін. Осы мерзім аяқталғаннан кейін судья босату туралы шешім қабылдауы немесе айып тағуы мүмкін.

Telegram командасы Дуров ұсталғаннан кейін 1 тәуліктен соң ресми мәлімдеме жасады. Мәлімдемеде платформаның Еуроодақ заңдарын, соның ішінде цифрлық қызметтер туралы заңды сақтайтыны жазылған. Дуровтың Еуропаны емін-еркін аралап жүргені, оның жасыратын ешнәрсесі жоқ екеніне баса назар аударылған. 

«Платформаны адамдар теріс пайдаланғаны үшін оның иесі жауап береді деген түсінік ақылға қонымсыз», – делінген мәлімдемеде.

Ресейдің Франциядағы елшілігі де пікір білдіріп, Дуровқа консулдықпен байланысуға мүмкіндік беруді және француз билігінен кәсіпкердің қамалу себебін түсіндіруді сұрады.

24 тамызда Telegram мессенджерінің иесі, миллиардер Павел Дуров Париж әуежайында ұсталды. Ле Бурже әуежайына Әзербайжаннан жеке ұшағымен қонған Дуровты жандармдар бірден тұтқындаған.

Құқық қорғау органдары кәсіпкерді «мессенджер арқылы заңсыз есірткі айналымына көмектесті, алаяқтықтың белең алуына, балаларға қарсы қылмыстың өршуіне кінәлі» деп айыптап отыр.

Айта кетейік, Павел Дуров Ресей азаматы болған. 2014 жылы Ресейден кеткен. Францияның және БАӘ-нің азаматтығын алған.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жасылан Мәдиев пен Қазақстан журналистер одағы француз билігін Павел Дуров пен Telegram командасынан кінарат іздемеуге шақырған. Дуровқа қолдау білдіріп, Францияны сынағандар қатарында Х желісінің иесі Илон Маск пен АҚШ журналисі Такер Карлсон бар.