«Қазатомөнеркәсіп» акциялары қымбаттай ма – сарапшылар болжамын ұсынды
Freedom Broker және Jusan Invest сарапшылары «Қазатомөнеркәсіп» акцияларын сатып алуға кеңес берді. Брокерлік компаниялар уран өндірушінің 2024 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қаржылық есебі жарияланғаннан кейін болжамдарын жақсартты.
«Қазатомөнеркәсіп» акцияларын бағаладық. Болжам KASE-дегі қазіргі құнынан (18,37 мың теңге) 34% өсу әлеуетімен 24,6 мың теңгеге дейін өсті. Ұсыныс – «Сатып алу», – дейді Freedom Broker сарапшылары.
Freedom Broker болжамына қандай факторлар ықпал етті?
Кәсіпорынның шоғырландырылған кірісі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға өсіп, 701,120 млрд теңгені құрады. Ал салық төлегенге дейінгі пайдасы – 29%-ға артып, 365,822 млрд теңгеге жетті.
Бұл ретте олар тұтынушыларға уран жеткізу кестесінің ауысуын (оны сату 18%-ға қысқарды), сондай-ақ күкірт қышқылының тапшылығына байланысты маржаның төмендеуін атап өтті. Freedom Broker күкірт қышқылының тапшылығы «тағы бірнеше жылға созылуы мүмкін» деп санайды.
«Сонымен қатар «Буденовское» бірлескен кәсіпорнының 2024-2026 жылдарға арналған өндіріс деңгейі бойынша болжамдардың төмендеуін атап өткен жөн. 2025 жылдан бастап пайдалы қазбаларды өндіру салығын арттыру есебінен кәсіпорын болжамды құнын ұлғайттық. Бұған қоса WACC (капиталдың орташа өлшенген құны) төмендетілді, сондай-ақ доллар бағамы қайта қаралды», – деп қосты сарапшылар.
Jusan Invest болжамы қандай?
Jusan Invest сарапшылары уран компаниясының акциялары қазіргі бағадан 31% (24,5 мың теңгеге дейін) өседі деп болжап, кәсіпорын құнды қағаздарын «сатып алуды » ұсынды. Алайда олар «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының шикізат сату көлемінің төмендеуіне назар аударды. Яғни операциялық шығындардың 29,5%-ға өскенін атап өтті. Мамандар мұны теңгенің құнсыздануы және инфляцияның қарқын алуымен байланыстырды.
Бұл ретте Jusan Invest сарапшылары алдағы жылдары теңге бағамы 1 долларға 545 теңге жетеді деген болжам жасады.
«Қазатомөнеркәсіп» – уран мен оның қосындыларын, сирек металдарды, атом электр станцияларына арналған ядролық отынды және арнайы техниканы экспорттау бойынша Қазақстанның ұлттық операторы. Оны «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарады.
Еске сала кетсек, «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының 2024 жылдың бірінші жартыжылдығындағы таза пайдасы 27%-ға артты.
Бұған дейін Қазақстан Үкіметі республикалық бюджетті қаржыландыру үшін Ұлттық қор қаржысына «ҚазМұнайГазбен» қатар «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының акцияларын сатып алуға рұқсат берген.