Тимур Құлыбаевқа тиесілі көмір өндіретін компания бірінші жартыжылдықта 4 млрд теңге шығынға ұшырады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Шұбаркөл Премиум 4 млрд теңге шығынға ұшырады / Коллаж: erg.kz, бильд-редактор: kursiv.media

Түпкілікті бақылаушы акционері Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевқа тиесілі «Шұбаркөл Премиум» көмір өндіруші компаниясы 2023 жылы 4 млрд теңге шығынға ұшырады. Бұл туралы компания есебінде жазылған.

Айта кететіні, кәсіпорын 2022 жылы 71,9 млрд теңге пайда тапқан.

«Шұбаркөл Премиум» шоғырландырылған шығынының артуы бірнеше факторға байланысты. Яғни жалпы пайданың 2,6 есе, кірістің 2,5 есе қысқаруы әсер етті. Бұған қоса, жалпы және әкімшілік шығыстар да 3,5 есе ұлғайған. Сондай-ақ операциялық пайда 12,4 есе төмендеген.

Есепке сүйенсек, көрсеткішке кәсіпорынға үлестік қатысуы бар инвестициялардың құнсыздануы әсер етті. Қаржыландырудан түскен кіріс 11 есеге азайып, шығыстар 2,5 есеге өсті.

Ал кәсіпорын активтері 11,8%-ға өсіп, 78 млрд теңгеге жетті. Бұл негізінен негізгі құралдардың, басқа да айналымнан тыс және айналымдағы активтердің, сауда және басқа дебиторлық берешектердің өсуіне байланысты болды.

Міндеттемелер 1,6 есе өсіп, 30,5 млрд теңгеге жетті. Көрсеткіш негізінен кейінге қалдырылған салық міндеттемелерінің, алынған несиелер көлемінің, келісімшарттық міндеттемелердің, сондай-ақ сауда және басқа кредиторлық берешектердің ұлғаюы есебінен өсті. Меншікті капитал бөлінбеген пайданың 10%-ына, 35,7 млрд теңгеге дейін төмендеуіне байланысты 8,1%-ға, 45,2 млрд теңгеге дейін азайды.

«Шұбаркөл Премиум» 2013 жылы тіркелген. 2017 жылға дейін ол «СП Арбат» деп аталды. Сол жылы кәсіпорын ЖШС-нен АҚ болып қайта құрылды. Көмірді өндіруге арналған келісімшарт 2013 жылы жасалған. Оның мерзімін ұзарту құқығымен 2038 жылға дейін жарамды.

Қазақстан қор биржасындағы мәлімет бойынша, «Шұбаркөл Премиум» акционерлері: Joint Resources – 67%, Trans Coal Investment Group – 16,5%, «FCI Management» ЖШС – 16,5%. Ал Joint Resources компаниясының жалғыз акционері – Тимур Құлыбаев. Сонымен қатар еgov порталында Joint Resources компаниясының жалғыз акционері жарияланбайтын болды.

Еске сала кетсек, былтыр компания көмір өндіруді қысқартты. Оған себеп ретінде кәсіпорын «Қазақстан темір жолы» компаниясынан вагондардың жеткізілмеуін көрсеткен еді.

2024 жылғы мамырда «Шұбаркөл Премиум» көмір өндіруді арттыратынын хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз