Мемлекет экономиканың 30 негізгі секторының 20-сына қатысады: БҚДА елдегі бәсекелекстікке теріс әсер ететін факторларды атады

Жарияланды
Мемлекеттің экономикаға араласуы бәсекелестіктің және жеке сектордың серпінді дамуын тежейді / Фото: kursiv.media

2020 жылы квазимемлекеттік сектор субъектілерінің борыштық міндеттемелерінің көлемі 17,2 трлн теңгеге жеткен. БҚДА мәліметінше, бұл елеулі қаржылық тәуекелдердің артуына себеп болады. Сол себепті агенттік Қазақстанда мемлекеттің экономикаға араласуын азайтуы қажет деп санайды.

Агенттік хабарлауынша, бүгінгі таңда тауарлар өндірісінде 46%, қызмет көрсету саласында 54%-ды құрайтын мемлекеттің қатысуы азайып келеді.

Бұл бәсекелестіктің және жеке сектордың серпінді дамуы үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік береді. Болашақта мемлекеттің экономикадағы үлесі едәуір төмен ЭЫДҰ елдерінің көрсеткіштерімен теңесуге мүмкіндік бермек. БҚДА мәліметінше, ЭЫДҰ елдерінде бұл көрсеткіш орташа есеппен 13%-ды құрайды екен. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш едәуір жоғары. Атап айтқанда, елде мемлекет экономиканың 30 негізгі секторының 20-сына қатысады.

Дүниежүзілік банктің эмпирикалық зерттеулеріне сәйкес, мемлекет қатысатын кәсіпорындардың жеке компанияларға қарағанда тиімділігі төмен болады. Мемлекет көпшілік немесе жалғыз акционер болған жағдайларда бұл қатты байқалады екен.

«Қабылданған шараларға қарамастан, квазимемлекеттік кәсіпорындар басқарудың тиімсіздігін көрсетуді жалғастыруда. 2020 жылы квазимемлекеттік сектор субъектілерінің борыштық міндеттемелерінің көлемі 17,2 трлн теңгеге жетті, бұл елеулі қаржылық тәуекелдерді тудырады. Республикалық меншіктегі субъектілердің таза шығындары 164 млрд теңгені, ал коммуналдық меншікте – 36 млрд теңгені құрады»,- деп хабарлайды агенттік.

Жалпы мемлекеттің экономикада болуы салалардың серпінділігін төмендетіп, бәсекелестіктің дамуына теріс әсер етеді. Өйткені мұндай жағдайда жаңа кәсіпорындардың нарыққа кіру мүмкіндігі шектеледі екен.

Агенттік мәліметінше, квазимемлекеттік сектор субъектілері әдейі шектей алатын, ал жекелеген жағдайларда ешқандай жауапкершілікке тартылмай, жеке бизнестің қызметін шектейтін жағдайлар жиі кездеседі. Бұл өз кезегінде экономиканың барлық секторында кәсіпкерлік белсенділіктің дамуына теріс әсер етеді.

Осыған ретте, БҚДА жеке бизнесті қарқынды дамыту үшін мемлекеттің экономикаға қатысуын барынша қысқарту және бәсекелестік ортаны, еркін нарықтарды дамытуға ықпал ететін реформаларды жүргізуге назар аудару қажет деп санайды.

Монополия мәселесін шешу үшін БҚДА қандай шешімдер ұсынады?

Агенттік осы мәселені шешу үшін «ақылды реттеу» қағидатына негізделген квазимемлекеттік сектор үшін рұқсат етілген қызмет түрлерінің жаңа форматын әзірлеген. Бұл шара аясында төрт бірыңғай оператор қысқартылған. Алдағы уақытта осы мақсатта операторлық функциялардан тағы 4 нарық субъектісін қысқарту жоспарланып отыр. Одан бөлек БҚДА 43 кәсіпорынды бәсекелестік ортаға беруді ұсынып отыр. Бұл активтерді басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік бермек.

«Сондай маңызды қадамдардың бірі – шетелдік авиакомпаниялар үшін «ауа еркіндігінің» 5-ші дәрежесі бойынша шектеулер жою болды. Бұл Қазақстан нарығына Neos және VietJetAir сияқты авиакомпаниялардың кіруіне мүмкіндік берді. Аталмыш өзгерістер авиабилеттер құнының төмендеуіне және жолаушыларға қызмет көрсету сапасының жоғарылауына әкелуі тиіс»,- деп хабарлайды агенттік.

Сонымен бірге ұялы байланыс нарығында катарлық Power International Holding компаниясы да Қазақстан нарығына еніп жатыр. «МТ-С» ЖШС (Tele2/Altel) сатып алу және «Kcell» АҚ-ны одан әрі сату бойынша шаралар жүргізіліп, нәтижесінде бұл қадамдар салауатты бәсекелестікті қамтамасыз етуге жол ашпақ.

Аталмыш шаралар барысында биржалық саудада көмірді сату көлемі делдалдарсыз тікелей бөлшек жеткізушілерге 10%-дан 50%-ға дейін ұлғайтылып, солайша халықты «дағдарыссыз» көмірмен қамтамасыз етуге мүмкіндік туған.

«Агенттіктің бастамасы бойынша заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару мәселелері жөніндегі комиссия және экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссия шеңберінде «Petrosun» ЖШС, «ТЭК-Қазақстан»сауда үйі» ЖШС, «Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі» ЖШС, «Алматы Қала Жарық» МКК және «Eurotranzit Nur Zholy» ЖШС мемлекетке қайтарылды»,- делінген агенттік хабарламасында. 

Жалпы БҚДА 2023 жылы монополияға қарсы орган 238 хабарлама шығарды, оның 85% – ы орындалған.

Солардың бірі тарифтерді заңсыз көтерген Яндекс такси қызметіне қатысты. Агенттіктің араласуымен жүргізушілерге 10 млрд теңге төленіп, 1,4 млн адам үшін такси құны төмендеді. Сонымен бірге «Эйр Астана» АҚ-ның заңсыз отын алымының күші жойылып, авиабилеттер құнының 15%-ға төмендеуіне жол ашылған. Сонымен бірге монополияға қарыс күрес барысында «Petrosun» ЖШС және «ТЭК-Қазақстан» сауда үйі» ЖШС компанияларына 2,5 млрд теңге көлемінде айыппұлдар салынып, Google-дің Android негізіндегі құрылғыларды пайдаланушыларға іздеу жүйесін өз бетінше таңдау мүмкіндігін беру талабы орындалған.

«Аталмыш өзгеріс қазақстандық монополияға қарсы орган тарихындағы осындай алғашқы прецедент болды. Агенттік мемлекеттің экономикаға қатысуын қысқарту және бәсекелестік ортаны нығайту жөніндегі бағдарламаларды іске асыруды жалғастыруда»,- деп хабарлайды агенттік.

Сондай-ақ оқыңыз