Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті деп хабарлайды Ақорда.
Екі елдің президенттері әңгімелесу барысында Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен перспективаларын талқылаған.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, президенттер сауда-экономика және энергетика салаларында бұған дейін жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды толықтай жүзеге асыру қажет екенін атап өткен. Тараптар Владимир Путиннің Астанаға жоспарланған мемлекеттік сапарына дайындықтың сапалы болуын қамтамасыз ету мәселесі жөнінде сөйлескен.
Сонымен бірге екі ел басшылары халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасқан.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазан қаласында өтетін БРИКС саммитіне қатысуға шақырғаны үшін Ресей Президентіне ризашылығын білдірген.