Алматыдан Алакөлге баратын жол ішінара ақылы болады. Көлік министрлігі Үшарал-Достық автокөлік жолына қатысты арнайы бұйрық жариялады. Онда республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын Үшарал-Достық автокөлік жолын ақылы негізде пайдалану туралы айтылған.
Бұйрықтың жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланып отыр. Бұл жобалар «2030 жылға дейінгі көліктік-логистикалық әлеуетті дамыту» тұжырымдамасына сәйкес дайындалыпты.
«Жобаны қабылдау ҚР көліктік-логистикалық әлеуетін пайдалануға және төлемді дамытуға мүмкіндік береді. Осыған сәйкес, осы учаскелер бойынша жол жүру ақысынан алынған ақша автомобиль жолдарын жөндеуге және күтіп ұстауға, қозғалысты ұйымдастыруға және ақылы автомобиль жолдарын күтіп ұстау үшін қажетті жол-пайдалану техникасын сатып алуға бағытталатын болады», – делінген Көлік министрлігінің бұйрығында.
Айта кетейік, Алматыдан Алакөлге баратын жолдың бір бөлігі Үшаралдан Достық елдімекеніне дейін созылып жатқан екі жолақты 184 шақырымдық күре жол.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда ақылы жолдар тарифі 20%-ға қымбаттайтыны туралы жазған едік. Көлік министрі тарифті көтеру мәселесін бұған дейін көтерген еді. Айтуынша, Қазақстанда 2013 жылдан бері ақылы жолдың тарифі өзгермеген. Марат Қарабаев тарифті көтеру арқылы ақылы жолдың сапасын жақсартамыз деген болатын.