«Алтыналмас» компаниясы Карьерное кенішін игеру жобасына түзету енгізді
«Алтыналмас» компаниясы Жамбыл облысы Мойынқұм ауданындағы Карьерное кенішін игеру жобасына түзету енгізді.
«Алтыналмас» АҚ қызметі туралы өтініш 2025-2026 жылдарға арналған өндірудің ашық тәсілін жүргізуге байланысты берілді. 2023 жылы өндірілген кеннің көлемі 89 840,4 мың тонна болды. 2025 жылдан бастап жобада карьердің өнімділігі жылына 68 818 мың тонна кен деңгейінде бекітілді», – делінген компанияның қызметі туралы өтініште.
Осылайша, карьердің қызмет мерзімі ұзартылды. Екі жылдан соң (2025 қаңтар айынан бастап 2026 жылдың желтоқсан айына дейін), яғни 2027 жылы онда утилизациялық жұмыстар жүргізілмек. Сонымен қатар Карьерноеде алтын кенін өндірудің жылдық көлемі азаяды.
Карьер Қияқты теміржол стансасынан 106 шақырым жерде, Мойынқұм аудан орталығынан 90 шақырым жерде «Алтыналмастың» Ақбақай филиалынан 1 586 метр жерде орналасқан.
Мұның алдында «Алтыналмас» АО Ақтоғай ауданында орналасқан Бақтай кенішін игеру жоспарын таныстырған еді.
Бұл мекеменің жобалық құжатында көрсетілгендей, бұл кеніш бұрын игерілмеген. Бірақ өткен ғасырдан бері тынбай геологиялық барлау жүргізіліп келген. 2018-2021 жылдары 52 жерден бұрғы салынып, 30 мыңға жуық сынама алынған.
«Алтыналмас» акцияларының нарықтық құны – 151 602, 12 млн теңге. Компания Аquila Gold B.V арқылы тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевқа тиесілі болды.
2017 жылдың маусым айында компания акциясының 32 %-ы Владимир Джуманбаевқа, 67,5 %-ы Нидерландта тіркелген Gooden Reserves B.V-ға сатылған. 2017 жылғы 14 шілдедегі KASE мәліметіне сәйкес, 14,4 млрд теңгеге сатылған көрінеді. Ал 2024 жылғы 12 шілдедегі соңғы дерек бойынша, Gooden Reserves B.V компанияның барлық акциясының 59,97 %-на, ал Джуманбаевқа 19,99 %-ы тиесілі. Gooden Reserves B.V. бенефицары және жетекшісі ретінде қаржылық есептерде Нидерланд азаматтығы бар Анна Березина деген есім көрсетілген.
«Алтыналмас» жылына 520 000 мың унция алтын өндіреді. Қазақстанның төрт өңіріндегі, атап айтқанда, Ақмола, Абай, Қарағанды және Жамбыл облыстарындағы 9 кеніште алтын өндіреді. 9 мыңға жуық адам жұмыс істейді.
Айта кететін жайт, мұның алдында бағалы металл өндіруші «Алтыналмас» компаниясының еншілес кәсіпорны шығынын 96%-ға қысқартқан. «Алтыналмас» компаниясының еншілес ұйымы акционеріне дивиденд төлемейтіні жайында жазғанбыз.