«Қазатомөнеркәсіп» және «ТаджредМет» сирек кездесетін металдарды бірге игермек

Жарияланды
/ коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

«Қазатомөнеркәсіп» және «ТаджредМет» бірлесе отырып, уран және өзге де сирек кездесетін металдарды іздеп, өндіріп өңдейтін болады. Аталған екі компания Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәжікстанға барған ресми сапары барысында тиісті меморандумға қол қойды. Бұл туралы «Қазатомөнеркәсіптің» баспасөз қызметі хабарлады.

«Қазатомөнеркәсіптің» пікірінше, бұл меморандум стартегиялық серіктестікті көздейді. Екі  елдің тау-кен салаларының дамуындағы маңызды қадамдардың бірі болуы мүмкін. Қазба байлықтарды өндіру және өңдеуден өзге тараптар бірлескен ғылым-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды атқармақ. Сондай-ақ инновациялық технологиялар енгізіп, кадрларды да дайындайды.

«Әзірге нақты нәтиже туралы сөз қозғауға ертерек. Біз уран саласындағы болашағы бар біріккен жобаларды қарастырып жатырмыз. Сонымен қатар сирек кездесетін металдар бойынша да жұмыстар жасалмақ. Бұлар Қазақстанға да, Тәжікстанға да елеулі пайда әкеледі. Бұл меморандум ұзақмерзімді және нәтижелі ынтымақтастыққа негіз болып, екі елдің экономикалық өсіміне және жоғары технологиялардың дамуына жәрдем береді деп үміттенеміз», – деді «Қазатомөнеркәсіп» басқармасының төрағасы Мейіржан Юсупов.

Жақында «ТаджРедМет» өкілдері «Қазатомөнеркәсіптің» өндірістік қуатымен танысу үшін Қазақстанға арнайы ат басын бұрмақ. Сирек кездесетін металдар – электроника, магнит, аккумулятор және басқа да инновациялық бұйымдар секілді жоғары технологиялық өндірістің маңызды құрамы.

Сәуір айының ортасында «Қазатомөнеркәсіп» өзінің еншілес мекемесі – Ұлба металлургиялық зауытының Абай облысындағы Қаражал кенішінен сирек кездесетін металдарды барлауға лицензия алғанын жария еткен болатын. Ол жерде тантал, ниобий, бериллий кездеседі. Компания осы арқылы бұл зауытты өзінің минералды шикізат базасымен қамтасыз етпек. Әзірге тантал мен бериллийді Африкадан сатып алып жатыр. Сирек металдардың әлемдік нарықтағы бағасы өте тұрақсыз. Ұдайы құбылып тұрады.

Сирек металдар бүгінде «жаңа мұнай» деп аталып жүр. Қазақстан минералдарға бай болғанымен, оны көп игеріп жатқан жоқ.

Мұның алдында «Қазатомөнеркәсіп» 2024 жылдың бірінші жартысына арналған өзінің қаржылық есебін жариялады. Компания келесі жылы өндіріс көлемін азаятынын болжап отыр. Бұл жайт уран өндіретін компаниялардың акциялары бағасының өсуіне әкелген. Қазақстандық брокерлер компаниясы инвесторларға «Қазатомөнеркәсіп» акцияларын сатып алуға кеңес беріп жатыр. Өйткені бұл компания – әлемдік нарыққа уран шығаратын басты жеткізуші. «Қазатомөнеркәсіп» алғашқы жарты жылдықта 283,2 млрд теңге көлемінде таза пайда тапқан. Бұл – 2023 жылғы кезеңмен салыстырғанда 27%-ға артық.

Қазіргі кезде «Қазатомөнеркәсіп» акцияларының 62,99%-ы – «Самұрық-Қазынаға», 12%-ы – Қаржы министрлігіне, 24,34%-ы CITIBANK-ке тиесілі. Шілде айының соңында Ұлттық банк пен «Самұрық-Қазына» қоры арасындағы Ұлттық қордың қаржысына «Қазатомөнеркәсіп» акцияларын сату алу жөніндегі биржадан тыс мәлімеден кейін акционерлер құрамы өзгерді.

Сондай-ақ оқыңыз