«165 бала қайтыс болып, 223 жеткіншек терезеден құлады»: мамандар Қазақстандағы балалар өлімінің негізгі себептерін айтты

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің аға тілшісі
Қазақстанда жыл басынан бері 200-ден астам бала терезеден құлайды / Фото: kursiv.media 

2023 жылы елімізде 1093 бала ауыр жарақат алса, биыл 7 ай ішінде 165 бала бақилық болды. Жеткіншектердің 20%-ы жазатайым оқиғалардан көз жұмады. Мамандар мұның бірден-бір себебі ата-аналардың назары бүлдіршіндерде емес, үнемі смартфонда болуының әсерінен екенін айтады. Денсаулық сақтау министрлігі балалар арасындағы қайғылы оқиғалардың негізгі себептерін атады.

Көз жұмған балалардың саны көбейді

ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова келтірген мәліметке сүйенсек, жыл сайын Қазақстанда 200 мыңға жуық бала жарақат алады. Оның 1,2%-ы, өкінішке қарай, өмір бойына мүгедек болып қалады. Мұндай қайғылы жағдайлардың 70%-ы үйде орын болады.

«Мүгедек болып қалу мен түрлі себептерден болатын өлім-жітімнің алдын алуға болады. Балалар арасында байқаусызда жарақаттанудың басты себептері – жол-көлік оқиғалары, суға бату, улану, құлау, термиялық күйік алу. Бұл ретте ЖКО түрлі себептерден болатын өлімнің төрттен бір бөлігін құрайды. Балалар арасындағы өлім-жітімнің себептерінің ішінде суға бату екінші орында», – деді спикер.

Департамент басшысы балалардың терезеден құлау оқиғалары да өскенін атап өтті. Терезеден құлап кету фактісі соңғы үш жылда 1,6 есеге артқан. Мәселен, биыл 6 ай ішінде елде 223 бала терезеден құлап, оның 12-сі көз жұмған.  

 «ДДҰ мен ЮНИСЕФ-тің «Балалар жарақатының алдын алу туралы» баяндамаларында балалармен болған қайғылы оқиғалардың 80%-ы ата-аналардың кінәсінен болатыны атап өтілген. Ересектер балаларын үйде, көліктерде жалғыз қалдырады, көлікпен жүрген кезде оларға қауіпсіздік белдіктерін тақпайды немесе балалар креслосын пайдаланбайды, оларды су қоймаларында және басқа да қауіпті жерлерде қараусыз қалдырады», – деді Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі.

Ал төтенше жағдайлар мамандары балалардың қайғылы оқиғаға ұшырау фактілерінің осыншалықты өсуіне ата-аналардың балаларды қараусыз қалдыруы себеп екенін айтады. Ата-аналар үнемі гаджеттерде отырып, балалардың әрекетіне мән бермей қалады.

«Осы жылы 7 айдың ішінде 165 бала қайтыс болды. Қарапайым тілмен айтатын болсақ, осынша бала биыл бірінші сыныпқа бармайды. Республикада 1254 адам қайтыс болған болса, оның 13 %-ы бала», – деді ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы  Ақтоты Боранова.

Сауда орталықтарда да балалар зардап шегіп жатыр

Балалар зардап шегіп жатқан жазатайым оқиғалар сауда үйлерінде де орын алып жатыр. Мәселен, елордадағы сауда ойын-сауық орталықтарының бірінде эскалатор  балалардың саусақтарын қысып қалған. Екі күн ішінде ауруханаға бірдей жарақат алған үш бала түскен.

«Эскалаторда саусақтары қысылып қалған. Аурухағана түскен барлық бала 2-3 жаста, олардың саусақтарының өлшемдері өте кішкентай. Қадағалау органы тексеріс жүрізгенде эскалатордың «тісі»сынған болып шықты», – деді көпсалалы қалалық балалар ауруханасының ортопедия бөлімшесінің меңгерушісі Ағабек Чикинаев.

Осыған дейін Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов рұқсат етілмеген жерлерде суға кету жағдайы жиі тіркелетінін айтқан еді. Мәселен, шомылу маусымы басталған маусым айының өзінде 27 адам суға кеткен. Десе де министр бұл көрсеткіштер осыдан 3-4 жыл бұрын тіпті нашар болғанын, соңғы жылдары қабылданған халықты қорғау бойынша жүргізілген шаралардың нәтиже бере бастағанын айтады. 2020 жылдан бері судағы адам өлімінің саны 437-ден 227-ге дейін азайған.

Сондай-ақ оқыңыз