Жаңалықтар

SCAT ұшағына найзағай түсті: компания 14 рейстің кестесін өзгертуге мәжбүр

Авиакомпания «SCAT» запускает рейсы в Пакистан
Найзағай соғу салдарынан SCAT ұшағына зақым келді / Фото: kursiv.media 

SCAT әуе компаниясының жолаушылар ұшағына найзағай түсті. Оқыс оқиғаға байланысты әуекомпания өкілдері мәлімдеме жасап, рейстер кестесінде өзгерістер енгенін хабарлады.

Компания мәліметіне сүйенсек, демалыс күндері қатты найзағайдан Boeing 737 ұшағына зақым келген. Қазіргі кезде ол ұшақ номері кестеден шығарылды. Қауіпсіздік талаптарына сәйкес, инженерлік қызмет мамандары ұшақты тексеріп, жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Ол бірнеше күнге созылуы мүмкін.

«Осыған байланысты әуекомпания осы аптада 14 рейстің кестесін өзгертуге мәжбүр», – делінген әуекомпания баспасөз қызметінің таратқан хабарламасында.

Жолаушыларға рейс уақытын алдын ала нақтылау керек екені хабарланды. Оны scat.kz сайты мен SMS ескертулерден немесе ұшу кестесі арқылы тексеруге болады.

Естеріңізге сала кетейік, азаматтық авиация ұшақтарына қатысты оқыс жағдай соңғы уақытта жиілеп кетті. Бұған дейін Астана әуежайында бір айда үш ұшақ зақымданған еді. 8 тамызда Air Astana әуе кемесі Астана-Атырау бағыты бойынша КС 983 рейсін орындауға жоспарланған ұшақ қатты жел кезінде елордалық әуежайда контейнердің соққысынан зақымданған.

Ал 13 тамызда Air Astana әуе компаниясының ұшағы Алматы халықаралық әуежайында зақымданып, рейстердің кешігуіне себеп болған.

19 тамызда да дәл осындай жағдай қайталанды. Air Astana-ның тағы бір ұшағы зақымданып, Ақтөбеде ондаған рейс уақытынан кешікті.

Осы жағдайлардан Азаматтық авиация комитеті Air Astana және FlyArystan әуе компанияларының рейстері кешігуіне, жолаушылардың құқықтарын сақтауға қатысты басқа да жағдайларды анықтау үшін арнайы тексеріс комиссиясы құрылатынын мәлімдеді.