2025 жылдың қаңтарынан бастап зейнетақыны 8,5%-ға өсіру жоспарлануда. Алдағы жылы АЕК мөлшері – 3 932 теңгені құрамақ. Қаржы министрлігі Ашық НҚА порталында 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қоғамдық талқыға ұсынды.
Жалақы мен өзге төлемдер мөлшері 2025 жылдың 1 қаңтарында белгіленеді. Жобаға сәйкес келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткішті 3932 теңгеге дейін арттыру көзделген. Қазір ол 3692 теңгені құрайды.
Ал төменгі жалақы өзгеріссіз қалады, келесі жылы да 85 000 теңге мөлшерінде сақталады.
Бюджет жобасына сәйкес, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшерін 28 215 теңгеден 32 360 теңгеге дейін өсіру көзделген.
Ең төменгі зейнетақы мөлшері 57 853 теңгеден 62 771 теңгеге дейін өседі деп күтілуде.
Базалық әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерлерiн есептеу үшiн ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң шамасы – 46 228 теңге болып белгiленбек.
«2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленуге жататын, мемлекеттің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналарының мөлшері мемлекет жарналарын есептеу объектісінің 2 пайызы болып белгiленсiн. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап әскери қызметшілерге (мерзiмдi қызметтегі әскери қызметшілерден басқа) және арнаулы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлеріне тұрғынжайды күтіп-ұстауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ақшалай өтемақының айлық мөлшерi 3 739 теңге сомасында белгiленсiн», – делінген заң жобасында.
Құжат 31 тамызға дейін қоғамдық талқылауда болады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 132 064 теңгені құрағанын мәлімдеді. Оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 89 436 теңге, базалық зейнетақы – 42 628 теңге.
Министрліктің мәліметіне сүйенсек, жалпы 2 трлн 175 млрд теңге сомасына зейнетақы төленді, оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 684,7 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 1 трлн 490,3 млрд теңге қарастырылды.