Канада АҚШ-тың соңын ала Қытайдан келген электромобильдерге 100% баж салығын енгізбек
Канада билігі АҚШ-тың үлгісіне сүйене отырып, Қытайда өндірілген электромобильдердің, соның ішінде Tesla-ның импортына тосқауыл қою туралы шешім қабылдады. Әлемдегі ең қымбат автомобиль өндірушінің акциялары Нью-Йорктегі сауда-саттықта 3%-ға төмендеді.
Толығырақ
26 тамызда Канада үкіметі 1 қазаннан бастап қытайлық электромобильдердің импортына 100% баж салығы және Қытайдан келетін болат пен алюминийге 25% импорттық баж салығы енгізілгенін жариялады. Тарифтер Қытайдан жеткізілетін электромобильдердің барлығына, соның ішінде Tesla-ға да қатысты деп жазды Reuters.
Қытайдан Канаданың ең ірі порты Ванкувер бағытындағы автомобильдер импорты өткен жылы 44 мың данаға дейін – жылдық мәнде 5,6 есе өсті. Былтырдан бастап Tesla Шанхайда шығарылған электромобильдерді сол жерге жеткізе бастаған-ды. Tesla бұл жеткізілімдердің көлемі мен құрылымын ашып айтқан емес. Дегенмен көлік құралдарының сәйкестендіру кодтарына жүргізілген талдау Қытайда шығарылған Model 3 седаны мен Model Y кроссоверінің Солтүстік Америка еліне жеткізілгенін көрсетті.
Сарапшылар не дейді?
Әлемдегі ең қымбат автоөндіруші компанияның акциялары 26 тамызда Нью-Йоркте өткен негізгі сауда сессиясының қорытындысы бойынша 3,2%-ға арзандады.
«Нарық тарифтерге жауап беріп жатыр. Әрі егер Tesla Канадаға көліктерді АҚШ-тағы қымбат тұратын өндірістік базасынан экспорттауға мәжбүр болса, пайдаға қатысты ықтимал әсерді еліктен өткізу үстінде», – деп түсіндірді Morningstar акцияларының стратегі Сет Голдштейн.
Билік не дейді?
Канада Премьер-министрі Джастин Трюдо журналистерге Оттава Қытайдың артық қуаттарды құру жөніндегі қасақана ұстанатын мемлекеттік саясатына қарсы екенін айтты. «Біз бәріміз Қытайдың ортақ ережелерге бағынбайтынын білеміз», – деді Трюдо. Қытай елшілігі бұл қадамды протекционистік және саяси астары бар деп атап, Канада Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) ережелерін елемегенін айтты.
Контекст
АҚШ президенті Джо Байден мамыр айында қытайлық электромобильдерге баж салығының төрт есе – 100%-ға дейін өскенін жариялады. Сондай-ақ жартылай өткізгіштер мен күн батареяларына баж салығының екі есе – 50%-ға дейін өскенін, литий-ионды аккумуляторлар мен басқа да стратегиялық тауарларға, соның ішінде Қытай болатына жаңа 25%-дық тарифтер қолданылатынын жеткізді. Тамыз айында Еуропалық одақ Tesla-ға қатысты ұстанымын жеңілдетті. Енді ЕО қытайлық Tesla электромобильдері үшін 9% импорттық баж салығын орнатуға ниетті. Бұл бастапқыда жоспарланған салықтың жартысы. Қытайдан Еуропаға әкелінетін басқа электромобильдер үшін тарифтер әлдеқайда жоғары. BYD электромобильдеріне 17%, Geely-ге – 19,3%, SAIC-ке – 36,3% баж салығы салынады. Қалған «ынтымақтасқан» компаниялар үшін мөлшерлеме – 21,3%-ға, «ынтымақтаспайтындар» үшін 36,3%-ға тең. ЕО бұл ставкаларды 5 қарашадан кешіктірмей енгізеді