Жаңалықтар

Қор нарығына шолу: Росс Гербер Tesla-ға енді қызықпайды, IBM Қытайдан кетіп жатыр, S&P 500 бойынша болжамдар

Фото: REUTERS/Carlos Barria/File Photo

Белгілі америкалық инвестор Росс Гербер Tesla акцияларын сатады. Ол Илон Масктың көліктері мен роботтарын енді ешкімге қажет емес деп санайды. Goldman Sachs алдағы үш аптада S&P 500 индексінен жаңа рекордтар күтеді. Алайда ұзақмерзімді перспективалардың жайы айқын емес. Осы және өзге де тақырыптар туралы 26 тамызға арналған шолудан оқыңыз.

IBM компаниясы China Research Labs-ты жауып, мыңнан астам қызметкерді жұмыстан шығарады

Американың технологиялық алпауыт компаниясы IBM 26 тамызда Қытайдағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын тоқтататынын хабарлады. Компания өзінің ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық бөлімшелерін жабады. Осылайша, IBM – америкалық санкциялар мен Бейжің мен Вашингтонның өзара шектеулері салдарынан Қытай нарығынан кеткен соңғы технологиялық фирма, деп жазды Asia Financial.

Қытайдағы IBM стратегиясы «бұлтты» деректер мен жасанды интеллект шешімдерін жасауға бағытталған. Компанияның бөлімшелері Бейжіңде, Шанхайда және Далянда орналасқан, мұнда 1 мыңнан астам адам жұмыс істеген. IBM кейбір қызметкерлерге инженерлерді Үндістандағы Бангалор сияқты Азиядағы баламалы орындарға ауыстырып жатқанын хабарлаған.

Компанияның Қытайдағы кірісі 2023 жылы 19,6%-ға төмендеді. Себебі Бейжің тұтынушыларды жоғары технологиялық өнімдерді жергілікті электроника өндірушілерінен көбірек сатып алуға ынталандырды. Осылайша, Қытайда телекоммуникация, компьютерлік чип өндірісі және жасанды интеллект саласында жұмыс істейтін америкалық компаниялар АҚШ-тағы заң шығарушылардың қатаң бақылауына тап болды.

MarketWatch: америкалық акциялар нарығы тым асыра бағаланып отыр

Қай жағынан қарасақ та, АҚШ қор нарығы қазір тым асыра бағаланып отыр әрі бұл өте қауіпті, деп жазды MarketWatch басылымының талдаушысы Марк Халберт. S&P 500 индексі 2022 жылдың қаңтарындағы секілді қымбат екенін еске салды.

Халберт диаграммада келтірген 10 нарық индикаторының 10-ы да 2022 жылдың қаңтарындағыдай мәндерге жақындаған. Осыдан кейін нарықтарда түзету орын алған-ды. Индикаторлар 2000 жылдан бергі мәліметтер негізінде есептелген.

Алайда күрт құлдырау болмайды. Шамадан тыс бағаланудың нарықты бірден жойып жібермеуінің себебі мынада: бағалау қысқа мерзімді кезеңде салыстырмалы түрде аз болжамды күшке ие. Бірақ диаграммада көрсетілген индикаторлардың әрқайсысы келесі онжылдықта қор нарығының кірістілігін болжайтын әсерлі көрсеткіштер болып саналады. Деректерге сүйенсек, бұл кірістілік 2034 жылға дейін инфляция деңгейінен төмен болады.

Goldman сарапшысы: осы аптада S&P 500 жаңа рекордты тіркейді

Bloomberg басылымы Goldman Sachs сарапшысы Скотт Рубнердің пікірін келтірді. Ол осы аптада америкалық акциялардың кең индексі жаңа рекордтарды тіркейді деп болжам жасап отыр. Оның пікірінше, қағаздар корпорациялар мен жүйелік қорлардың акцияларын сатып алудан соң жоғары өрлейді. Бұл FOMO-инвесторлардың («feeling of missing out» – FOMO – «пайданы жіберіп алудан қорқу») белсенділігін ынталандырады.

«Қыркүйек айының ортасына дейін үш апталық сауда-саттық өте жағымды болады деп күтіліп отыр. Алдағы аптада қорлар нарықтың қалай саудаланатынына қарамастан акцияларды сатып алуы мүмкін», – деп жазды Рубнер дүйсенбіде клиенттерге арналған жазбасында.

Алайда ол үш аптадан кейін сұраныс түгесілуі мүмкін екенін ескертті. Тиісінше, төмендеу бағытына қарай қисықтық пайда болады.

Рубнер Goldman сауда бөлімі жұма күні Джером Пауэлл айтқан ФРЖ-ның пайыздық мөлшерлемелерге қатысты ұстанымы акциялардың өсуіне әкеледі деген пікірді растады.

Нарық үшін келесі үлкен сынақ 28 тамызда нарықтар жабылғаннан кейін, Nvidia есеп берген кезде болады. Егер бір жыл бұрынғы көрсеткішке зер салсақ, компанияның екінші тоқсандағы табысы екі есе артады деп болжанып отыр.

Росс Гербер Tesla акцияларын сатып жатыр: компанияның көліктері мен роботтары ешкімге қажет емес

Tesla-ның ұзақ уақыт бойғы инвесторы Росс Гербер компанияның акцияларын сатып жатыр. Өйткені ол Tesla-ны «батпақта жатыр» деп санайды. BusinessInsider хабарлағандай, Гербер электромобильдер саласының болашағы туралы алаңдаушылықтан кейін шамамен 60 млн долларлық акцияны сатып жіберген. «Енді Tesla көліктерін сатып алуға ешкім қызығушылық танытпайтын сияқты»,– деді Гербер Yahoo Finance-ке берген сұхбатында. Бұл ретте оның инвестициялық қорының портфелінде әлі де 50 млн долларға тең Tesla акциялары сақталып отыр.

«Мен өз позициямды төмендетіп жатырмын. Өйткені Tesla акцияларының діттеген мақсатқа жететініне сенімім жоқ», – деді Гербер. Басқа инвесторлар да автомобиль компаниясының даму траекториясына күмәнмен қарайды. Tesla акциялары бір жылда 13%-ға төмендеді. Бұл негізінен сатылымның төмендеуіне, Қытайдағы бәсекелестіктің артуына және Илон Маскке қатысты заңды «шайқастарға» байланысты.

Пайдаланылған автомобильдер нарығы қазір ескі Tesla-ларға толы, деп мәлімдеді Гербер. Ол өз Tesla-сын әділ бағаға сата алмағанын айтты. «Компанияның саладағы ең жақсы өнімдері бар, бірақ оның бас директоры ол жерде жұмыс істемейді және көлік сатуға араласпайды. Әзірге сатылым тек жеңілдіктер арқылы жүзеге асырылып жатыр», – деп атап өтті Гербер.

Гербер сарапшылар компания ЖИ тұрғысынан бағаланбай отыр деп мәлімдегенімен, бұл Tesla-ны құтқара қоюы екіталай екенін айтады. Сондай-ақ ол компанияның роботтарына деген сұраныс та төмен болады деп болжам жасап отыр. «Илон Масктің роботы да ешкімге керек емес», – деді ол.