Қазақстан мен Грузия банктері Ресейдің «Золотая Корона» төлем жүйесін тексеріп жатыр. Соған байланысты банктерде бұл төлем жүйесі арқылы аударым қабылдау қиындаған. Бұл жайлы Ресей басылымдары хабарлады.
Бірнеше күн қатарынан Грузия банктері бұл төлем жүйесі арқылы ақша аударымдарын үзіліспен жүргізген. Грузия банктері қауымдастығының басшысы Александр Дзнеладзе грузин банктернің бірнеше күн қатарынан шектеулі режимде жұмыс істеуіне банктерде жүргізілген тексеріс жұмыстары себеп болғанын айтқан.
«Банк және қаржы секторы «Золотая Корона» төлем жүйесінің халықаралық қауымдастық санкцияларына ұшыраған басқа тұлғалармен байланысын зерттеді. Зерттеу нәтижесінде «Золтая корона» төлем жүйесінің санкциялық тізімде тұрған адамдармен байланысы расталмағанын анықтадық. Жүйенің жұмысы толығымен қалпына келтірілді», – деп мәлімдеген Дзнеладзе.
Дәл осындай тексерісті Қазақстанның CenterCredit Bank-і де жүргізген. Дүйсенбі, 26 тамызда Bank CenterCredit-тің Android операциялық жүйесіне арналған мобильді қосымшасында «Золотая Корона» төлем жүйесі арқылы ақша аудару функциясы жоғалып кеткен болатын.
«Банк барлық халықаралық экономикалық санкцияларды сақтау тәжірибесін ұстанады. Қазіргі уақытта біз өз процестеріміз бен қызметтерімізге өзгерістер енгізу мақсатында жаңартылған санкциялар тізімін зерттеп жатырмыз», – деп мәлімдеген банктің баспасөз қызметі.
Ал сейсенбі, 27 тамыз күні CenterCredit қосымшасында бұл төлем жүйесі арқылы ақша аудару функциясы қалпына келтірілген.
Айта кетсек, 23 тамыз күні «Золотая Корона» төлем жүйесі АҚШ санкциясына ұшырады.
«Золотая корона» — Ресей мен ТМД елдерінде, сондай-ақ Түркия, Израиль және Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азияның кейбір елдерінде жұмыс істейтін ресейлік төлем жүйесі. 2022 жылы Visa және Mastercard кеткеннен кейін «Золотая корона» Ресейден шетелге ақша аударудың негізгі тәсілдерінің біріне айналды. Компания Грузия, Қазақстан және Қырғызстанға аударым жасау көлемі бойынша жетекші орынға ие.