Салтанат Нүкенованың ағасы Қуандық Бишімбаевты тағы да сотқа берді
Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді Қуандық Бишімбаевты тағы да сотқа берді. Бұл жолы материалдық және моральдық зиянды өтеу туралы талап қойылған.
БАҚ беттеріндегі ақпаратқа сүйенсек, алғашқы сот отырысы 3 қыркүйек сағат 11:00-ге жоспарлаған.
«Басты себеп Бишімбаевтың ерте шығу мүмкіндігін азайту. Сегіз жылға сотталған азаматтардың бір жарым жылдан кейін босап шыққанын көріп жатырмыз. Ол жай ғана қаланы аралап жүр. Ал одан зардап шеккен қыз әлі күнге денсаулығын қалпына келтіріп келеді. Бұл мүлдем әділетсіз. Процесте материалдық және моральдық шығындар бар. Сот процесінің қаншалықты қиын болғанын өздеріңізде көрдіңіздер. Баяндамалар, БАҚ-пен сөйлесу, сұхбат беру, пайдалы болғанымен, моральдық тұрғыдан қиын болды», – деді Айтбек Амангелді «Батыр Жамалға» берген пікірінде.
Нүкенованың отбасы моральдық материалдық шығында құқық қорғаушылармен бірге кеңесіп есептеп шыққан. Оның көлемі нақты қанша екенін әлі хабарланған жоқ.
Еске сала кетейік, 2023 жылы 9 қарашада Астанадағы Bau мейрамханасында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен ұсталды. Президент Бишімбаевтың ісін ерекше бақылауға алуды тапсырған болатын.
Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты сот үкімі 13 мамырда шықты. Сот үкімімен Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Бишімбаев жасаған қылмыс қауіпті қылмыстың рецидиві деп танылды. Байжанов аса қауіпті қылмысты жасырғаны үшін кінәлі деп танылып, 4 жылға сотталды.
26 маусымда Астанада Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжанов ісі апелляция сатысында қаралды. Апелляциялық сот бірінші инстанцияда шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды.
23 шілдеде Бишімбаев қауіпсіздігі барынша жоғары түрмеге ауыстырылғаны белгілі болды.