Миллиардер Эдгар Бронфман Paramount Global медиакомпаниясын 6 млрд долларға сатып алу туралы ұсынысынан бас тартты. Бұл туралы Financial Times басылымы хабарлады.
Бронфман өзінің шешімі туралы Paramount тобына хабарлады.
Бронфманның өтінішін қайтарып алу Paramount-тың Skydance Media-мен бірігуіне жол ашады. Бұл келісім туралы шілдеде белгілі болған.
Аталған құжат Paramount компаниясына 45 күн ішінде оны сатып алу бойынша балама ұсыныстар алу және қарау құқығын қамтыған болатын.
Еске сала кетсек, қатарында Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені, Дариға Назарбаеваның ұлы Нұрәлі Әлиев бар бір топ кәсіпкер Paramount Global медиа тобын сатып алу туралы ұсыныс жасаған.
Атақты медиа компанияны сатып алуға бастама жасаған инвестор – бизнесмен Эдгар Бронфман болды. Ол компанияны бақылау үшін 5,5 млрд доллар ұсынған. Сонымен қатар медиа компания Skydance-қа уәде еткен 1,5 млрд долларды өтеп бермек болған. Сондай-ақ Skydance айыппұлын өтеу үшін қосымша 400 млн доллар төлеуге келіскен еді.
Нұрәлі Әлиев Forbes.kz нұсқасы бойынша Қазақстандағы ең бай бизнесмендер тізімінде 41-орында. Оның байлығы 220 млн долларға бағаланады. Назарбаевтың жиені «Транстелеком», Capital Holding және Darmen Holding компанияларының негізгі акцияларына ие. Сондай-ақ оның Дубайдағы Donatello Hotels and Resorts, Алматыдағы Donatello бутик-қонақүйі және Алматы мен Астанада бірнеше мейрамханасы бар.
Paramount – штаб-пәтері Манхэттенде орналасқан АҚШ-тағы ірі ойын-сауық конгломераты.
Еске сала кетсек, бұған дейін Әлиев акцияларына иелік ететін «Транстелеком» компаниясы атқарушы орган мүшелеріне 2023 жылға 224 млн теңге төлейтінін хабарлады. Бұл бір жыл бұрынғыдан 2,5 есе аз.