Еңбек жолын ресейлік «Лукойлда» бастаған Бақыт Ерегенов Шымкент мұнай өңдеу зауытының басшысы болып тағайындалды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Бақыт Ерегенов өткен айда қызметінен кеткен Ерболат Қожабаевтың орнына келді/Коллаж: kursiv.media (petrokazakhstan.kz и shutterstock), бильд-редактор: Ахтам Зиперов

«ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС қатысушыларының жалпы жиналысының шешіміне сәйкес зауыт басшысы болып Бақыт Ерегенов тағайындалды. Ол еңбек жолын ресейлік «Лукойл» компаниясында бастаған. Бұл туралы «Қазмұнайгаз» баспасөз қызметі хабарлады.

Бақыт Ерегенов өткен айда қызметінен кеткен Ерболат Қожабаевтың орнына тағайындалды.

Бақыт Тасқынұлы 1965 жылы 5 қаңтарда дүниеге келді. 1990 жылы Қазақ химия-технология институтын аяқтады. «Отын және көміртегі материалдарының химиялық технологиясы» мамандығы бойынша химик-технолог инженері дипломын алған..

Еңбек жолын «Лукойл-Волгоград мұнай өңдеу» ЖШҚ-да мұнайды алғашқы өңдеу және термиялық крекинг цехы қондырғысының бастығы болып бастап, одан кейін отын-кокс өндірісінде №1 мұнайды алғашқы өңдеу және термиялық крекингтеу цехы бастығының орынбасары болып жұмыс істеді. Әр жылдары «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның мұнай өңдеу және мұнай химиясы бөлімшелерінде қызмет етті.

2011 жылы Шымкент мұнай өңдеу зауытына қабылданып, инжиниринг және жобаны басқару департаментінің менеджерінен бастап жобаларды бақылау директоры, одан кейін өндіріс жөніндегі директоры лауазымдарын атқарды. 2019 жылдан бері «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС техникалық директоры болды.

Еске сала кетсек, Үкімет Шымкент мұнай өңдеу зауытының жылдық қуаттылығын 12 млн тоннаға дейін арттыратынын хабарлады.

«Шымкент мұнай өңдеу зауыты» – 1985 жылы Шымкент қаласында салынған және республикадағы ең жаңа зауыт. Зауыт Қазақстандағы 3 МӨЗ өндіретін мұнай өнімдерінің 30%-ын шығарады. «ҚазМұнайГаз» мен CNPC Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы 50 пайыздық үлеске ие.

Наурыз айында Шымкент МӨЗ-інде («ПетроКазахстан Ойл Продактс» ЖШС) жөндеу жұмысы өтті. «ҚазМұнайГаз» компаниясы кәсіпорынның технологиялық қондырғыларын одан әрі қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету жоспарлы жұмыс екенін хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз