Банк пен қаржы

Салық реформасы бюджет кірісіне оң әсер етпесе, 2026-2027 жылдары Ұлттық қордан қосымша қаражат алынуы мүмкін – Тимур Сүлейменов

Ұлттық қордың таза валюталық активтері 2025 жылы 57,8 млрд доллар деңгейінде бағаланады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов салық реформасы бюджет кірісіне оң әсер етпесе, Ұлттық қордан қосымша қаржы алынатынын айтты.

«Қор параметрлерінің болжамы осы және келесі жылдары қосымша трансферт тарту туралы шешімдерге негізделген. Осылайша, Ұлттық қордың таза валюталық активтері 2025 жылы 57,8 млрд доллар деңгейінде бағаланады. Ал 2027 жылы 74 млрд долларға дейін өседі», – деді спикер.

Оның сөзінше, бұл сомаға облигациялық несилер мен «Қазатомөнеркәсіп» АҚ-ның акцияларын сатып алу кіреді. 2025 жылға 5,4 трлн теңге көлемінде қаражат тарту жоспарлануда.

Ал кейінгі болжам жасалған жылдары трансферт көлемі тарихи деңгейден едәуір төмен болады. Атап айтқанда, 2026-2027 жылдары трансферт сомасы тек 2 трлн теңгені құрап отыр. Аталған жылдарда нысаналы трансферт көзделмеген.

«Біз, әрине, Ұлттық қордан қаражат алуды азайту шараларын қолдаймыз. Сонымен бірге егер салық реформасы аясында республикалық бюджеттің кірісін едәуір арттыру бойынша елеулі және жүйелі шаралар іске асырылмаса, 2026-2027 жылдары Ұлттық қордан қосымша қаражат алуды талап ететін тәуекел жоқ емес бар. Республикалық бюджеттің кірісін толықтыру мәселелері жаңа Салық кодексі, Үкіметтің жекешелендіру және фискалдық тәртіпті жақсарту жоспарлары аясында қаралуға тиіс деп есептейміз», – деді Ұлттық банк басшысы.

Еске сала кетсек,  «Ашық НҚА» порталында «2025–2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы жарияланды. Құжатқа сүйенсек, Үкімет 2025 жылы Ұлттық қордан трансферттер көлемін 5,25 трлн теңгеге дейін ұлғайтпақ.

Оның 2 трлн теңгесі кепiлдендірiлген трансферт. Ал нысаналы трансферт түрінде 3,25 трлн теңге бөлінбек. Демек нысаналы трансферт 2024 жылғы 1,6 трлн теңгеден 2 есе өсті.