Жаңалықтар

Тоқаев легионерлер жайлы: азаматтық беріп, ел атынан додаға қосу тәжірибесін доғару керек

Тоқаев Олимпиадаға легионерлер қатыстыруға қарсы / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік спортшыларға азаматтық беріп, олимпиадаға легионерлер қосу тәжірибесін қолдамайды. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Олимпиада жүлдегерлерімен кездесуде айтты.

«Кез келген легионер ұлттық құрамаға шақырту алғысы келетін жас әрі болашағынан көп үміт күттіретін атлеттеріміздің жолын кеседі. Одан гөрі қазір бізде дамуы кенжелеп тұрған спорт түрлерінен мықты шетелдік бапкерлерді тарту мүмкіндігін қарастырған жөн. Легионер-спортшылардың жетістігі бүгін мерейіңді өсіргенмен, ертең абыройыңды асқақтатпайды. Бұл жерде кәсіби бапкерге басымдық берген жөн»,– деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президенттің айтуынша, спорт саласында жемқорлық фактілері жиілеп кеткен. Соңғы бес жылда спортқа бөлінген бюджеттің шығыны екі есе өскен, бірақ соған лайықты нәтиже жоқ.

Салалық министрлік, Ұлттық олимпиада комитеті, өңірлердегі спорт басқармалары мен федерациялардың жұмысында олқылық көп әрі өзара үйлесімді жұмыс жоқ деп санаймын. Қазіргі жағдайға қарағанда, спорт функционерлері саланы дамытумен емес, миллиардтаған бюджет қаржысын игерумен әлек. Олар түпкі нәтижеге бас ауыртпайды. Спорт саласында жемқорлық фактілері жиі кездеседі. Бұл тек отандық спорттың дамуына ғана емес, елдің абырой-беделіне нұқсан келтіреді. Мұндайға жол беруге болмайды! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске сала кетейік, Париж Олимпиадасында денсаулығына байланысты қатысудан бас тартқан Елена Рыбакина Мәскеу қаласында туып, 2018 жылдың маусым айында Қазақстан азаматтығын алды.

Сонымен қатар Парижге барып, бірақ дайындық кезінде жарақат алып қалған тағы бір теннисші Юлия Путинцева да Ресей тумасы 2012 жылдан бастап Қазақстан атынан өнер көрсетеді.

Бұған дейін Париж Олимпиадасында Қазақстан атынан шығатын өзге елдің тумалары туралы жазған едік. Олардың ішінде Өзбекстан, Ресей, тіпті Кенияда дүниеге келгендер бар.