Жаңалықтар

«Сөзіңде тұрдың, нағыз жігітсің». Тоқаев Париж-2024 олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесті

сметов
Қасым-Жомарт Тоқаев олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесті / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесті, бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы, ең алдымен, Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтің жеңісіне ерекше тоқталды.

Елдос Сметов байрақты бәсекенің алғашқы күндері Жақсылық Үшкемпіровтің даңқты жолын жалғады. Ел тарихында тұңғыш рет дзюдодан Олимпиаданың алтын медалін алды. Елдос бауырым, сен Олимпиадаға аттанар алдында маған және барлық спорт жанкүйерлеріне бар күш-жігерімді жеңіске жету үшін жұмсаймын деп уәде бердің. Сөзіңде тұрдың. Нағыз жігітсің! Біз бәріміз сені мақтан тұтамыз. Шын мәнінде, қатарынан үш рет Олимпиада жүлдегері атану – нағыз чемпионның қолынан келетін ерлік. Сенің жеңісті жолың спортшыларымызға жігер берді, барша халқымызды қуанышқа бөледі, – деді Президент.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев төртжылдықтың додасынан жүлдемен оралған өзге спортшыларға, бапкерлер мен атлеттерді дайындауға үлес қосқан азаматтарға алғыс айтты.

Нариман Құрбановтың күміс жүлдесін тарихи жетістік деуге болады. Гимнастика шеберлері тұңғыш рет Олимпиада биігін бағындырып отыр. Демеу Жадыраев пен Нұрбек Оралбай тамаша өнер көрсетті. Мергендеріміз Александра Ле мен Ислам Сәтбаев нысана көздеуден қола медаль алды. Бұл – 28 жылдан бері еліміздің осы спорт түрінен алған алғашқы жүлдесі. Балуан Ғұсман Қырғызбаев пен боксшы Назым Қызайбай жүлдегерлер қатарына қосылды. Жалпы барлық мемлекет Олимпиадаға ең мықты спортшыларын жібереді. Шын мәнінде, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып, әлемдік бәсекеде жеңіске жету оңай емес. Мұндай жаһандық додада ел қоржынына түскен әр медальдің орны айрықша. Сондықтан бүгін мен Олимпиада жүлдесіне ие болған барша спортшыларымызға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Президент.

Сонымен қатар салтанатты жиында Олимпиада чемпионы, дзюдошы Елдос Сметов, байрақты бәсекенің қола жүлдегерлері, мерген Александра Ле мен боксшы Назым Қызайбай сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.

Естеріңізге сала кетейік, 14 тамызда Тоқаев Париж Олимпиадасының жеңімпаздары мен жаттықтырушылар құрамын мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы жарлыққа қол қойды.

Париж Олимпиадасында Қазақстан құрамасының 78 атлеті 25 спорт түрінен сынға түсті. Соның ішінде 54-і алғаш рет Олимпиадаға қатысты. Ел қоржынына жалғыз алтынды дзюдодан 60 келі салмақта сынға түскен Елдос Сметов жеңіп алды. Күміс медаль алғандар: гимнаст Нариман Курбанов, грек-рим күресінің өкілі Демеу Жадыраев (77 келі) және боксшы Нұрбек Оралбай (80 келі). Ал қола медаль қыздар арасындағы бокстан Назым Қызайбайға, нысана көздеуден аралас командалық жарыста Александра Ле мен Ислам Сәтпаев және дзюдошы Ғұсман Қырғызбаевқа (66 келі) бұйырды