Жаңалықтар

Бектенов министрлер кабинетіне АЭС салу бойынша референдум өткізу үшін жарлық жобасын әзірлеп, президентке ұсынуды тапсырды

Үкімет аппараты АЭС салу бойынша референдум өткізу жөнінде жарлық жобасын әзірлеп, президент әкімшілігіне ұсынады / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет сағатында министрлер кабинетіне АЭС салу бойынша референдум өткізу үшін жарлық жобасын әзірлеп, президентке ұсынуды тапсырды.

«Энергетика министрлігіне үкімет аппаратымен бірге жарлық жобасын президент әкімшілігіне енгізуді тапсырамын», – деді Үкімет басшысы.

Сонымен бірге Бектенов елде ядролық отын өндірісі толық игерілгенін, шағын реакторларды пайдалану тәжірибесі бар екенін айтты. Бұл бағытта мамандар мен ғалымдар дайындалып жатқанын, сондықтан атом энергетикасын дамытудың келесі кезеңіне көшу дұрыс қадам екенін атап өтті.

«Біз қазірдің өзінде энергетикалық қуат тапшылығын тартып отырмыз. Проблеманы осы бастан шешпесек, онда экономиканың әрі қарай өсуіне қажетті электр энергиясын үлкен көлемде сатып алуымызға тура келеді. Көптеген ел атом энергиясына иек артады. Атом энергетикасын дамыту біз үшін болашағы өте зор бағыт», – деді Бектенов.

Үкімет басшысы сонымен бірге заманауи атом электр станциялары көп деңгейлі қауіпсіздік жүйесімен жабдықталғанын, Қазақстанда атом электр станциясын салу туралы шешім қабылданған жағдайда оны жобалау, салу және пайдалану кезінде МАГАТЭ-нің халықаралық қауіпсіздік стандарттары қатаң басшылыққа алынатынын жеткізді.

АЭС-тен басқа балама жоқ

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев те атом электр станциясына балама жоқ екенін, басқа энергия көздері елдегі электр тапшылығын жоя алмайтынын айтты.
Министрдің айтуынша, жаңартылатын энергия көздері табиғи-климаттық жағдайларға тәуелділігіне байланысты электр энергиясын өндірудің сенімді базалық көзі бола алмайды.

«Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, атом электр станциясын салу – шығатын қуаттарды ауыстыру және Қазақстанның энергияға тәуелділігін қамтамасыз ету үшін жалғыз дұрыс шешім. Қазіргі кезеңде атом электр станциясына балама жоқ», – деді министр.

Министр көмірмен, газбен және жаңартылатын энергия көздерінен электр қуатын өндіру тапшылықты жоя алмайтынын айтты. Біріншіден, халықаралық қаржы институттары көмір электр станцияларын салуға инвестиция салудан бас тартып отыр. Екіншіден, газ ресурстарының шектеулі болуына байланысты газ генерациясын ауқымды енгізуді жүзеге асыру мүмкін емес. Үшіншіден, жаңартылатын энергия көздері
табиғи-климаттық жағдайларға тәуелділігіне байланысты электр энергиясын өндірудің сенімді базалық көзі бола алмайды.

Сонымен бірге Сәтқалиев Қазақстанның ядролық мүмкіндіктеріне де тоқталды. Айтуынша, Қазақстан АҚШ, Қытай, Франция және Ресей сынды халықаралық серіктестерімен бірлесіп, уранды конверсиялау және байыту кезеңдерін дамыту бойынша жұмыс істеп жатыр. 2021 жылы Үлбі металлургия зауытының базасында атом электр станциялары үшін дайын ядролық отын өндіретін зауыт ашылған. Оның өнімі қазіргі таңда Қытайға экспортталып жатыр.

«Атом энергетикасын дамыту үшін бізде барлық қажетті жағдай бар екенін атап өткен жөн. Қазақстан өндірілетін табиғи уран көлемі бойынша әлемде бірінші орында және іс жүзінде толық ядролық-отын цикліне ие», – деді министр.

Қандай реакторлар салынады?

«Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин жапондық The Japan Atomic Power Company және Marubeni Utility Services компанияларының мамандарымен АЭС салуға қатысты зерттеу жүргізіп, ең тиімді орын Алматы облысының Үлкен ауылының маңайы екенін анықтаған. Срапшының айтуынша, бір блоктың ұсынылатын қуаты 1,4 ГВт-қа дейін, ал станцияның жалпы қуаты 2,8 ГВт-ты құрайды.

Жантикин елде III және III+ буын реакторларын салу жоспарланып отырғанын айтты.

«Қазақстанда атом электр станцияларын салу үшін ұсынылатын оңтайлы технологияның бірі – қауіпсіздік деңгейі жоғары және экономикалық көрсеткіштері жақсарған III және III+ буын қысымды су реакторлары. Оларды әзірлеу кезінде барлық алдыңғы оқиғалар ескеріледі. Қазіргі заманғы реакторларда төтенше жағдайдың туындау ықтималдығы өте төмен. Бірақ төтенше жағдай болған жағдайда қауіпсіздік жүйелері оның ықтимал салдарының алдын алады», – дейді маман.

Ал ҚР ЭМ «Ядролық физика институты» ШЖҚ РМК бас директоры Саябек Сахиев мұндай АЭС-терді күтіп ұстау үшін Қазақстанда қажетті кадрлық әлеует пен ғылыми-зерттеу базасы бар екенін айтады.

«Өздеріңізге белгілі, Қазақстанда 67 жылдан астам уақыт  Ядролық физика институты жұмыс істейді. Ол белгілі қазақ ғалымы, Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті Қ.И. Сәтбаевтың бастамасымен ашылған», – деді.

67 жылдық тәжірибеден бөлек, институтың 2023 жылдың қыркүйегінде МАГАТЭ-нің 67-ші Бас конференциясы аясында Қазақстан мен француздық I2EN консорциумы арасында АЭС үшін кадрлар даярлау бойынша меморандумға қол қойылған екен.

Сахиев те қазіргі заманның атомды реакторлары ең сенімді әрі қауіпсіз екенін айтты.

«Біздің Институт базасында осындай зерттеу ядролық реакторы 57 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы жылдар ішінде үш ұрпақтан астам ғалымдар мен инженерлер ауысты. Осы уақыт аралығында бірде-бір оқыс оқиға тіркелген жоқ. Біз бұл реакторлардың ең қауіпсіз түрі екенін растаймыз», – деді ол.

Айта кетсек, министр Алмасадам Сәтқалиев министрлер кабинеті ұсынатын АЭС салу бойынша үкімет қаулысында рефрендум мерзімі туралы ақпарат жоқ екенін айтты. Ол референдумның қашан өтетінін президент әкімшілігі шешетінін жеткізді.

«Референум мерзімі туралы айтуға әлі ерте»,- деді ол.