Жаңалықтар

Қазақстанның дамуына қарсы топтар белсенді жұмыс жүргізіп жатыр – Сәтқалиев АЭС салуға қарсылық білдіретіндер туралы айтты

Алмасадам Сәтқалиев АЭС салуға қарсы топ Қазақстанның болашағына, дамуына кедергі келтіретінін айтты / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев АЭС салуға қарсылық білдіретіндерді Қазақстаның дамуына қарсы екенін айтты. Ол елде АЭС салуға қарсы арнайы компаниялар жұмыс істейтінін мәлімдеді. Бұл жайлы Үкімет сағатынан кейін өткен брифинг барысында айтылды.

Министр елдің экономикалық дамуы үшін атом энергетика саласын дамыту маңызды екенін атап өтті.

«АЭС-тің қаншалықты қажет екенін түсіну үшін соншалықты терең білім керек емес. Өйткені қазір технология дамыған. Олар қауіпсіз. Бізге мұндай технолгиялар керек. Заманауи технологиялар елдегі экономика мен ғылымды дамыту үшін керек», – деді министр.

Сәтқалиев АЭС салынбаса, оның патриоттығымызға сын екенін айтты. Айтуынша, атом электр станциясы салынса, онда бүкіл Қазақстан бойынша өндіріліп жатқан электр энергиясынан 1,5 есе көп энергия шығарады.

«Біз Қазақстанды дамытуға міндеттіміз. Атом энергетика саласын дамыту біздің экономикалық көрсеткішіміздің өсуі. Атом энергетикасы – Қазақстанның болашағы», – дейді министр.

Ал АЭС-ке қарсылық білдіретіндерді Қазақстанның болашағына, дамуына қарсылық танытып отыр деп айыптады. Тіпті кейбір топтардың бұл салада мақсатты түрде жағымсыз ақпараттар таратып, белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын айтты.

«Қазіргі таңда Қазақстанның дамуына қарсы топтар белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Олар елдің индустриясының дамуына қарсы. Қазақстанның дамуына БАҚ көмегімен, тәуелсіз блогерлердің көмегімен кедергі келтіргісі келеді. Олар әдейі негативті, жағымсыз ақпарат таратады», – дейді министр.

Сәтқалиев атом энергетика саласы дамымаса, өндіріс дамымайтынын, өндіріс дамымаса жаңа жұмыс орындарының пайда болмайтынын айтты.

Журналистер мұндай негатив ақпаратты таратушы топарға қатысты министрлік қандай шаралар қолданып жатқанын сұрады.

«Сіз Қазақстанды дамытуға қарсылық білдіріп жатқандар, Қазақстандағы атом энергетикасын дамытуға қарсылық білдіріп жатқан компаниялар туралы айттыңыз. Айтыңызшы, бұл қандай компания? Аты-жөнін атап, неге құқық қорғау органдарына хабарласпайсыз?», – деп сұрады журналист.

Министр құқық қорғау органдарына жүгінгенін айтты.

«Біз құзырлы органдарға хабарластық. Қазіргі уақытта жағдайды тұрақсыздандыруға тырысып, қоғам пікіріне әсер еткісі келіп жатқандар бар», – деді министр.

Журналист бұл орайда БАҚ өкілдері жауапқа тартылуы мүмкін бе деп сұрады. Ал Сәтқалиев өзінің не жайлы айтып жатқаны туралы көпшіліктің уақыты келгенде білетінін айтты.

Ал Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі Энергетика министрлігінің АЭС құрылысына қарсылық білдіргендердің үстінен құқық қорғау органдарына шағым түсіруге дайындалып жатыр деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлады.

Еске сала кетсек, бүгін премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет сағатында министрлер кабинетіне АЭС салу бойынша референдум өткізу үшін жарлық жобасын әзірлеп, президентке ұсынуды тапсырды.