БАӘ Франциядан Дуровқа консулдық қызмет көрсетілуін талап етті

Жарияланды
дуров
БАӘ Павел Дуровқа консулдық қызмет көрсетілуін сұрады / Фото: instagram.com/durov

Біріккен Араб Әмірліктерінің Сыртқы істер министрлігі Франциядан Әмірлік азаматы Павел Дуровқа барлық қажетті консулдық қызмет көрсетілуін сұрады. Бұл жайлы БАӘ-нің Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтында хабарланған.

«Әмірліктер Ле Бурже әуежайында француз билігі ұстаған Telegram әлеуметтік желісінің негізін қалаушы Әмірлік азаматы Павел Дуровтың ісін мұқият қадағалап отыр. Сондай-ақ Франция үкіметіне оны барлық қажетті консулдық қызметпен шұғыл түрде қамтамасыз ету туралы талап қойылды», – деп мәлімдеген елдің министрлігі.

Сонымен бірге БАӘ Сыртқы істер министрлігі өз азаматтарының істерінің барлық аспектісіне қамқорлық жасау, қорғау және бақылау Әмірлік үшін басымдық болып қала беретінін атап өткен.

Еске сала кетсек, 24 тамызда Telegram мессенджерінің иесі, миллиардер Павел Дуров Париж әуежайында ұсталды. Ол Ле Бурже әуежайына Әзербайжаннан жеке ұшағымен қонған сәтінде тұтқындалды. Француз полициясы кәсіпкерді «мессенджер арқылы заңсыз есірткі айналымына көмектесті, алаяқтықтың белең алуына, балаларға қарсы қылмыстың өршуіне қарсы тиісті қадамдар жасамады» деп айыптап отыр.

Басылымдар Франция соты Павел Дуровтың қамау мерзімін сәрсенбіге дейін ұзартты.

Айта кетейік, Павел Дуров Ресей азаматы болған. 2014 жылы Ресейден кеткен. Францияның және БАӘ-нің азаматтығын алған.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев пен Қазақстан журналистер одағы француз билігін Павел Дуров пен Telegram командасынан кінарат іздемеуге шақырған. Дуровқа қолдау білдіріп, Францияны сынағандар қатарында Х желісінің иесі Илон Маск пен АҚШ журналисі Такер Карлсон бар.  

Бұл мәселеге қатысты Франция басшысы Макрон да пікір білдірді. Ол Дуровтың ұсталуының саяси астары жоқ екенін айтты.

«Францияда Telegram басшысын қамауға алу бұған дейін жүргізіліп  келе жатқан сот тергеуі аясында қолға алынды. Бұл саяси шешім емес. Шешімді судьялар қабылдайды», – деп түйіндеді сөзін ЭммануэльМакрон

Сондай-ақ оқыңыз