Дуров ісі: Telegram-ның қылмыстарға қатысын Үндістан үкіметі де тексеріп шықты
Indian Tech & Infra таратқан мәліметке қарағанда, Үндістан үкіметі Telegram-ның түрлі қылмыстарға қатысы бары-жоғын тексеріп шыққан. Бұған Францияда Telegram негізін қалаушы Павел Дуровтың ұсталып, «аталған платформа арқылы ауыр қылмыстар жасалды» деген айыптар түрткі болып отыр. Десе де үнді тергеушілерінің қандай қорытындыға келгені туралы нақты мәлімет көрсетілмеген.
Павел Дуров не үшін тұтқындалған?
Франция билігінің айтуынша, Павел Дуров осы мессенджер арқылы жасалған кибер және қаржы қылмыстарына бейқам қарағаны үшін тұтқындалған. Париж қаласының прокурорының мәліметіне қарағанда, балалар порнаграфиясы, есірткі және криптоқылмыстық құралдарының таралуына қатысы бар «аты аталмаған тұлғаның» үстінен қылмыстық іс қозғалған. Осы іс бойынша Дуров тергеліп жатыр. Франция заңдары бойынша, 28 тамызға дейін Дуровқа ресми түрде айып тағылуы тиіс немесе босатылуы керек.
Қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу жұмыстарын киберқылмыс және алаяқтыққа қарсы тұратын француз институттары жүргізіп жатыр. Іс 8 шілдеде қозғалған. JUNALCO – париж прокуратурасының киберқылмысқа қарсы күрес органы алдын ала тексеру жүргізген. Бұл туралы Париж прокуроры Лор Бекюо мәлімдеген.
Тағылған айыптардың тізімі де ұзын-сонар
Қылмыстық іске қайта оралсақ, мәлімдеме көрсетілгендей, «аты аталмаған тұлғаның» үстінен 12 бап бойынша іс қозғалып отыр. Тағылған айыптардың тізімі де ұзын-сонар: ұйымдасқан топтың заңсыз операциясын өткізу үшін онлайн-платформа жасау; ұйымдасқан топтың балалар порносын жариялауы; есірткі сатып алу, тасу, иелік ету, тарату және сату; кибер қылмыс жасайтын құрылғыларды, құралдарды және бағдарламаларды сату және тарату; автоматтандырылған деректерді өңдеу жүйесін заңсыз негізде жұмысына кедергі келтіру және бұзып кіру; ұйымдасқан алаяқтық.
Сонымен қатар тізімде мемлекеттік орган сұраған ақпараттар мен құжаттарды бермеу, ұйымдасқан топтың қылмыспен тапқан ақшасын жылыстату, сертификациясыз криптошифрлау қызметін беру айыптары да бар.
Париж прокуратурасы Дуровты тергеп жатқанын айтқан. 25 тамызда оны ұстау мерзімі 96 сағатқа ұзартылғаны мәлім. Яғни 28 тамызға дейін. Тергеуге Францияның Киберқылмысқа қарсы күрес орталығы (C3N) және Алаяқтықпен күрес ұлттық орталығы (ONAF) тартылған.
Bloomberg ақпаратынша, Дуровты тұтқындауға балиғатқа толмаған балаларға зорлық-зомбылықты қарсы үкіметтік орган – OFMIN ордер беріпті. Бұл орган 2023 жылы құрылған. OFMIN бас хатшысы Жан-Мишель Берниго LinkedIn тарақшасында «Telegram тарапынан бұл қылмыстық істер, әсіресе, балаларға қарсы жасалған қылмыс бойынша «ынтымақтастық және модерация» болмағанын жазған.
Тергеу нұсқасы бойынша, Telegram қылмыстарға қарсы тиісінше күреспеген. Олардың ішінде балалар порносын тарату да бар.
Франция президенті Эммануэль Макрон Дуровтің «саяси себеппен емес, тергеу шеңберінде ұсталғанын» мәлімдеді. Оның сөзінше, Дуровтың тағдырын судьялар шешеді.
Telegram қылмыстарға қарсы тиісінше күреспеген бе
Telegram-ның баспасөз қызметі тағылған айыптармен келіспейтінін жария етті. Олардың ойынша, біреулер платформаны қылмыстық мақсатқа пайдаланса, ол үшін платформаның өзі немесе оның иесінің жауапкершілікке тартылуы – бос сандырақ. Компанияның пікірінше, Telegram Еуроодақтың заңдарын бұлжытпай сақтап отыр. Модерацияға келсек, «индустриядағы стандарттарға сай және ұдайы жақсартылып жатыр».
TF1 француз телеканалының пікірінше, Дуров өзінің Франция үшін персона нон грата екенін жақсы білген. «Еуропаға аз саясаттап жүргені де содан. Бірақ ол қателік жасап, Парижге келген». Telegram-ның баспасөз қызметі мұны жоққа шығарып отыр. «Дуровтың жасыратын түгі жоқ, Еуропаға жиі барып тұрған».
Дуровтың ұсталғаны туралы жаңалақ Toncoin криптовалютасына жағымсыз әсерін тигізіп отыр. Бағасы күрт арзандап кеткен. Өйткені бұл криптовалюта Telegram-да пайдаланылып келген. 26 тамыз күні Toncoin лезде 2,7 млрд АҚШ долларын жоғалтты.
Еске сала кетсек, Павел Дуров Ресей азаматы болған. 2014 жылы Ресейден кеткен. Францияның және БАӘ-нің азаматтығын алған.
24 тамызда Telegram мессенджерінің иесі, миллиардер Павел Дуров Париж әуежайында ұсталды. Ол Ле Бурже әуежайына Әзербайжаннан жеке ұшағымен қонған сәтінде тұтқындалды.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев пен Қазақстан журналистер одағы француз билігін Павел Дуров пен Telegram командасынан кінарат іздемеуге шақырған. Дуровқа қолдау білдіріп, Францияны сынағандар қатарында Х желісінің иесі Илон Маск пен АҚШ журналисі Такер Карлсон бар.