Жаңалықтар

Темір жол арқылы Қытайға көмір тасымалдау көлемі 5 есе өскен

Көмір бағасы
Қытайға көмір тасымалдау 5 есе артты/ фото kursiv.media

Қазақстан темір жол арқылы Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь, Қытай, Ресейге көмір тасымалдаған. Қытайға көмір тасымалдау көлемі 5 есе өсті. Бір қызығы, Германия биыл Қытайды көмір энергетикасынан біртіндеп бас тартуға шақырды. Осы елдегі электр қуаты тасымалының 60%-ын қатты отын құрап отыр. Берлин алпауыт жаңартылған қуат көздерін көбейтуді ұсынған.

ҚТЖ баспасөз қызметінің мәліметі бойынша 2024 жылдың 7 айында теміржол көлігімен 55,6 млн тоннадан астам жүк тасымалданған. Ел ішінде 38,4 млн тоннадан астам қатты отын жеткізілсе, экспортқа 17,2 млн тонна көмір шығарылды.

Жылыту маусымына дайындық мақсатында ҚТЖ ЖЭО қоймаларында көмірді, қатты отын қорының қалдықтарын тасымалдауды қамтамасыз ету үшін вагондар айналымын бақылауда ұстайтыны айтылған. Ал Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев 5 облыстың жалпы жылу беру маусымына дайындығы 50%-ға да жетпегенін айтты. Жылыту маусымына дайындық басталғаннан бері шамамен 1 млн тонна көмір жеткізілген, бұл жылдық жоспардың 12%-ын құрайды. Министр қыстыгүні ажиотаж болмас үшін қазақстандықтарға қазірден бастап көмір сатып алуды ұсынды.

Қазақстан көмір қоры бойынша әлемде ондыққа кіреді. Республика көмірді Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркияға және Шығыс Еурпаның кейбір елдеріне тасымалдайды. Экспорт көлемінің 65%-ы – Ресейдің үлесінде.