Жаңалықтар

Жамбыл облысында жөндеу жұмысын жүргізген компаниядан пара алған шенеуніктер сотталды

Параны аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы алған/ Фото: kursiv.media

Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы С. Төлегенов, осы ауданның қаржы бөлімінің басшысы Т. Әділбаев және жеке компания өкілі А. Шұбаев сотталды.

«Төлегенов пара алғаны, ал Әділбаев мемлекеттік сатып алу саласындағы жұмыс жөніндегі функцияларды лауазымдық міндеттерінен алып тастамағаны және қызмет бойынша жалпы қамқорлығы үшін оған 400 мың теңге сомасында пара бергені үшін кінәлі деп танылды», – деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі.

Әділбаев Мойынқұм ауылының жолдарын жөндеу бойынша орындалған жұмыстарға жедел ақы төлегені үшін Шұбаевтан 600 мың теңге сомасында пара алған.

Аудандық сот үкімімен Төлегенов пен Шұбаев 12 млн теңге, Әділбаев 26 млн теңге айыппұл төлейді.

Сондай-ақ Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті Жетісу ауданы әкімінің орынбасарына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Оның жергілікті кәсіпкерлерден 14 миллион теңге көлемінде пара алғаны үшін іс қозғалған.