Telegram-каналға қалай оқырман тартуға болады? Ең тиімді 10 тегін әдіске шолу

Жарияланды
Telegram-каналды қалай оңай дамытуға болады /Фото: kursiv.media архивінен

Telegram-ды дамыту басқа желілерге қарағанда қиындау. Дегенмен органик өсуге көмектесетін көп тәсіл бар. Оның ішінде тегіндері де аз емес. Бүгінгі материалымызда телеграм-арнаны дамытуға арналған 10 ақысыз әдіске шолу жасаймыз. Мейлі арнаны енді ашсаңыз да, оқырман жинап үлгерген болсаңыз да — бұл тәсілдердің сізге көп көмегі тиюі мүмкін.

Telegram-каналды дамытуға арналған тегін тәсілдер

Классик жағдайды көз алдымызға келтіріп көрейік. Әдетте телеграмға кіріп, арна ашатын батырманы басамыз. Одан соң өз контактімізде кімнің нөмірі болса, соларды қосып, басқа арналарда адам тарта бастаймыз. Алғашқы жүз шақты оқырман жиналған соң, комментиң, өзара пиар, басқалардың каналына жарнама пост жариялау, контент-маркетиң, видеомаркетиң, папкаларға қатысу және каталогтар сияқты тәсілдер қолданылады. Олай болса, осы аталған әдістердің әрқайсысына жеке-жеке тоқталайық.

Таныстарымызды шақырамыз. Ол досыңыз, туысыңыз, әріптесіңіз не жай ғана танысыңыз болуы мүмкін. Бастапқыда жиналатын ең лоял және алғашқы оқырман — осы адамдар. Бәлкім, оларға сіздің арнаңыздың тақырыбы қызық емес шығар. Десе де қолдау мақсатында реакция қалдырып, ашылғанын таныстарына айтып бөлісе алады. Кемінде жаңа пост шыққанда көңіл үшін пікір қалдырады. Бұл функция телеграмның ішінде бар. Каналда әлі 200 адам толмаса, әкімшілер «Шақыру» функциясымен оқырман қоса алады. Баптаулар ішіндегі «Оқырмандар» дегенге кіріп, « +» бассаңыз, контактілеріңіздің тізімі ашылады. Сол жерден кімді қосқыңыз келсе, таңдап кіргізесіз. Егер телеграмдағы нигін білсеңіз, нөмірін контактіге қоспай-ақ, шақыра беруге болады. Дегенмен рұқсатсыз барлығын қосып жібермей, алдымен бірауыз ескерткен абзал. Әдеп тұрғысынан осы дұрыс. Сонда қолдау да жақсырақ болуы мүмкін. 

Басқа арналардағы оқырмандарды тартамыз. Басқа әлеуметтік желілердегі парақшаларыңызға телеграм-арна туралы құлаққағыс қылыңыз. Егер компанияның аккаунтын жүргізетін болсаңыз, онда басқа желілерге арна сілтемесін қосып қойыңыз. Бұл арнада қандай контент саласыз, кімдерге қызық болады, несімен ерекшеленеді — осы туралы айтыңыз. Яғни жай ғана каналдың сілтемесін stories-ке салу тиімсіз. Одан қайта шақыруға ұсынысты ерекше білдіруге тырысыңыз.

Өзімізбен бағыттас чаттарда отыратындарды шақырамыз. Мысалы сіз копирайтиң туралы арна аштыңыз делік. Олай болса, редактор, журналист, копирайтер, смм-мамандардың ортақ чатына хабарландыру жасаңыз. Айтпақшы, чаттарға беталды сілтеме жібере беру мәдениетсіздік саналады. Сондықтан чат ережесін қарап алып барып жіберіңіз. Бәлкім, әкімшіден рұқсат алу керек болар. Сілтеме жібергенде де құр өзін емес, қасына қосарлап әдемі шақыру мәтінін дайындаңыз. Әйтпесе, спам секілді көрінуі мүмкін.  

Комментиң. Telegram Premium жазылымы бар арна әкімшілері басқа каналдардағы постарға арнасының атынан пікір қалдыра алады. Дұрысы, тақырыптас арналарға пікір жазып отыру керек. Өйткені сол арқылы сіз өзіңізге керек аудитория таба аласыз. Бірақ жарнама қылып емес, тақырыпқа үйлесетіндей пайдалы, қызық, кейде күлкілі пікірлер қалдырып отырыңыз. Авада тұрған сурет, каналдың атауы арқылы оқырман қызығып, арнаңызға өтуі мүмкін. Бұл әдіс арқылы айтарлықтай көп оқырман жинай алмауыңыз мүмкін. Егер күнде-күнде бірнеше арнаға пікір қалдырып отыратын әдет қалыптастырсаңыз, күніне 3-5 адамдай қоса аласыз.  

Өзге каналдармен өзара пиар жасаймыз. Яғни басқа каналдың әкімшісі өзі басқаратын топта сіздің арнаңыз туралы ақпарат беріп, сілтеме қалдырады. Көбіне оқырман саны, тақырыбы шамалас топтар арасында осындай тәсіл қолданылады. Пиардың бұл түрінде кей әкімшілер пост салмас бұрын бәрін егжей-тегжей қарап, тексеріп, мақұлдатып алады. Яғни мәтінді, суретті бәрін келісіп барып жариялайды. Енді бір өзара пиар кезінде әкімшілер бір-бірімен келіспей, жай ғана ұсыныс ретінде шынайы өз ойын білдіріп, қосылуға шақырады. Бұл тәсіл өте тиімді. Ақылы жарнамадан қандай нәтиже алатын болса, мұнда да соған ұқсас болады. Дегенмен бәрі ұсыныс мәтініне байланысты екенін назарда ұстаңыз. Неғұрлым шебер жазылса, соғұрлым эффект көбірек. 

Басқа каналға «қонақ болу» не эфирге шығу. Қонақтың жазбасы деп каналда әкімшінің емес, басқа автордың жазған постын айтады. Біреу карточка түрінде дайындайды, енді бірі лоңрид әзірлейді. Әркімнің қалауына қарай. Жазба өте пайдалы болуы керек. Соңында автор туралы аз-кем ақпарат беріледі. Оның ішінде каналға сілтеме болады. Одан бөлек, басқа каналға қонақ боп, эфирге шыға аласыз. Ол үшін алдын-ала анонс жасалуы керек.

Контент-маркетиң. Тегін жазуға болатын алаңқайларда автор болыңыз. Мысалы, VC секілді платформалар осындай мүмкіндік береді. Сөйтіп сол мақаланың соңына өз каналыңызға сілтеме бере кетесіз. Бастысы, сіздің жазған материалыңыз бен каналыңыздың тақырыбы бағыттас болуы керек. Бұл тәсіл арқылы нақты қанша оқырман келетініне болжам жасау мүмкін емес. Барлығы материалдың берілу стиліне, платформадағы белсенділікке байланысты. Не жазсаңыз да, пайдалы жазыңыз. Осы өте маңызды.   

Видеомаркетиң. YouTube-тағы шортста (қысқа бейнероликтер) каналыңызға жазылуға шақырсаңыз болады. Әдетте сондай шорт видеоларда қаралым көп жиналады. Сол тұсты пайдаланып кетуге кеңес береміз. YouTube каналыңыздағы сипаттамаға да шегелеп сілтеме қалдырып қойыңыз. Себебі шортсқа тікелей сілтеме салынбайды.  

Папкаларға қатысамыз. «Папка» дегеніміз — каналдар мен чаттар тізімі. Оны дамытуға арналған құрал ретінде қолдана аласыз. Енді қалай жұмыс істейтініне тоқталайық. Ұйымдастырушы әкімші өз папкасын жасайды, сөйтіп оған басқа каналдарды қосады. Папка қатысушылары каналдарына осы папка туралы айтып, сілтеме қалдырады. Әдетте бір папкада тақырыбы ұқсас каналдар топтастырылады. Әр каналдағы оқырман саны да әртүрлі болуы мүмкін. Яғни бір папкада 20 мың оқырманы бар арна мен 200 оқырманы бар арна қатар жүре береді. Бір айта кететін жайт, папкаға жазылғанда оның ішіндегі барлық каналға автомат түрде жазылып кетеді. Сілтеме арқылы өтіп, папканы ашқан кезде юзерге қандай каналдар бары тізім түрінде көрінеді. Қаласа, ұнамаған каналға жазылмаймын деп құсбелгіні (галочка) алып тастай алады. Папкаға жазылғаннан кейін қолданушылар папканы қалауынша өзгерте алады. Өзгеріс өзіне ғана көрінеді. Яғни папка атауын ауыстырып, чаттарды өшіріп, кейбірін қосып дегендей. Сонымен бірге каналдардан шықпай, папканың өзін өшіріп тастауға болады. Бұл әдіс өте тиімді. Осы арқылы басқа арналардың әкімшілерімен танысып, байланыс орнатып алуға болады. Бастапқыда көп адам қосылады. Бірақ араға бірер күн салып каналдан шығып кететіндер қатары көбейеді. Бұған дайын болыңыз. 

Каталогтар. TGStat немесе Telega.in каталогтарына каналыңызды қосып қойсаңыз болады. Бұл тәсіл айтарлықтай оқырман тарта қоймас. Бірақ бұл жарнама берушілерге жақсы құрал. Себебі каталогтарды оқырман тарту үшін емес, жарнама алу үшін қолданады. Әдетте компаниялар жарнама бермес бұрын жоғарыдағы каталогтарды шолып шығады. Сондықтан қосымша бедел үшін қосылып қойсаңыз, артық бола қоймас.

Сондай-ақ оқыңыз