Бүгін, 27 тамызда Астанада ядролық технологиялар мен атом энергетикасына арналған халықаралық көрме ашылды. Онда АЭС салу үшін қажетті технологиялар таныстырылды.
KazAtomExpo-2024-ке АЭС құрылысында айтарлықтай тәжірибесі бар әлемдік жетекші компаниялар қатысып жатыр. Олардың қатарында «Қытай ұлттық ядролық корпорациясы» (CNNC), «Кореяның су ресурстары және ядролық энергетика корпорациясы» (KHNP), «Électricité de France» (EDF), сондай-ақ ресейлік «Росатом» мемлекеттік корпорациясы бар. Бұл компаниялар өздерінің ядролық технологиялардағы жетістіктерін, қазіргі уақыттағы жобаларын таныстырды. Сонымен қатар ядролық салада жұмыс істейтін «Samsung» және «Assystem» халықаралық компаниялары да өз жаңашылдықтарымен бөлісті.
Көрме «Әлемдік атом энергетикасын дамыту» тақырыбындағы пленарлық сессиямен жалғасты. Сессия отырысында сөз алған Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев қазір Қазақстан үшін үлкен таңдау тұрғанын айтты.
«Бұл көрме Қазақстанда АЭС салу бойынша жалпыұлттық республикалық референдум өткізу қарсаңында өтіп жатыр. Сол себепті бізге атом энергиясын пайдалану саласындағы әлемдік және қазақстандық технологиялармен танысуға үлкен мүмкіндік туып отыр. Бұл көрмеде көпжылдық жұмыстың нәтижелері ұсынылған. Ұлттық ядролық орталық, ядролық физика институты, ядролық технологиялар паркі және оқу орындары сияқты біздің ғылыми ұйымдарымыз бар», –деді.
Халықаралық ядролық компаниялар Қазақстанның болашағын қалай көреді?
Ядролық сала нарығында 60 жылдан бері келе жатқан әлемдік көшбасшылардың бірі «Assystem» компаниясының өкілдері де бұл көрмеге қатысып жатыр. Компанияның вице-президенті Гийом Пураве Қазақстанның атом энергетикасының дамуына үлес қосуға және тәжірибелерімен бөлісуге дайын екенін жеткізді.
Ал Қытай Ұлттық ядролық корпорациясы АЭС-тың жаңа технологияларын ұсынды. CNNC вице-президенті Чао Ган Қытайлық АЭС алаңдарымен танысуға болатынын жеткізді.
«Қазіргі уақытта Қытайда жұмыс істеп тұрған 57 атом электр станциясы мен 47-сі құрылыс сатысында тұр. Қытайлық АЭС алаңдарымен танысуға мүмкіндік бар. Қазақстан мен Қытай бұрыннан көрші болып келеді және Қытай АЭС құрылысы саласындағы өз білімімен бөлісе алар еді. Сондай-ақ бізде ядролық сала үшін тұрақты жеткізу тізбегі бар және өз тарапымыздан Қазақстанға үнемді, сенімді АЭС-ті дамытуға көмек көрсеткіміз келеді», – деп атап өтті Чао Ган.
АЭС салу үшін Қытай қанша ақша жұмсамақ?
Айта кетейік, қытайлық CNNC компаниясы Қазақстанға АЭС салуға үміткерлердің бірі. «Курсив» тілшісі Орталық Азия бойынша CNNC компаниясының ресми өкілінің орынбасары Ли Юдинг мырзаны әңгімеге тартып көрді. Компания өкілі АЭС құрылысындағы тәжірибелері жайлы сөз етті. Ол Қытайлық компания АЭС құрылысын қолға алса, 5 жылда салып беруге мүмкіндік барын айтады. Тіпті АЭС құрылысының құнын да жасырмады.
«Оның құны 20 млрд юань болады. Нақтырақ айтсақ, қуаттылығы 2 мың Гвт АЭС салудың құны осындай. Мәселен, Пәкістанда АЭС салып жатырмыз. Аргентинада да құрылыс жұмыстары басталады. Ал Қытайда 57 АЭС салынып жатыр», – дейді Ли Юдинг.
Энергетика министрлігі әу баста қуаттылығы 2,4 ГВт болатын АЭС салынса, оның болжамды құны 10 млрд долларды құрайтынын және оның құрылысы 10 жылға дейін созылуы мүмкін деп болжаған еді. Алайда сарапшылардың пайымы басқа. Мәселен, «Қазақстан ядролық электр станцияларының» (ҚНЭС, «Самұрық-Қазынаның» еншілес ұйымы) өкілдері жоба құны одан да көп екенін айтады. Олардың болжауынша АЭС құрылысының құны 15 миллиард доллардан кем түспейді.
CNNC өкілінің айтуынша, Қытай корпорациясы станция құрылысы бойынша республикалық референдумда оң шешім қабылданса және таңдау Қытай тарапына түскен жағдайда Қазақстандағы АЭС-ты уақытылы іске қосуға бар күш-жігерін салады.
Көрмеде Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев елімізге 2060 жылға дейін бірнеше атом электр станциясын салу қажет екенін айтты. Министр қазірдің өзінде атом электр станциясын салуға өте қолайлы екі учаске анықталғанын да атап өтті.