«Грант, шәкіртақы және зейнетақыны өсіру»: Қазақстан 2025 жылы қандай мақсаттарға көбірек ақша жұмсайды

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің аға тілшісі
бюджет
Бюджеттен әлеуметтік салаға 9,8 трлн теңге жұмсалады / Фото: kursiv.media 

2025 жылы бюджетке 21,7 трлн теңге түседі, әлеуметтік салаға 9,8 трлн теңге жұмсалады.  Бюджеттің негізгі үлесі әлеуметтік салаға бағытталады. «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасын таныстырған Қаржы министрі Мәди Такиев осылай деп мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, келер жылы әлеуметтік салаға бөлінетін қаржы 2024 жылмен салыстырғанда 794 млрд теңгеге ұлғаяды. Мәди Такиев бюджет шығыстарының өсуіне әсер ететін бірнеше факторларды атады.

«Инфляцияның орташа деңгейіне әлеуметтік төлемдерді индекстеу: базалық зейнетақы мен жәрдемақыны 6,5 %-ға, ортақ зейнетақыны инфляцияның орташа деңгейінен 2%-ға асыра отырып, 8,5%-ға индекстеу. Индекстеуге және әлеуметтік төлемдерді алушылар санын ұлғайтуға қосымша 626 млрд теңге бағытталатын болады. Нәтижесінде 2025 жылы зейнетақының орташа мөлшері 96 562 теңгені құрайды», – деп мәлімдеді министр.

Ведомство басшысы биыл білім беру гранттары 2500 орынға ұлғайғанын атап өтті. 2025 жылы да грант саны өседі.  

«Қосымша орындарды ескере отырып, 2025 жылы шамамен 78 мың білім беру гранты бөлінетін болады. Жоғарғы оқу орындарының студенттеріне стипендия мөлшерін орта есеппен 15-20%-ға ұлғайту жоспарланған», – деді Такиев Үкімет отырысында.

Келесі жылы стипендияның орташа мөлшері бакалавриат студенттері үшін 52 372 теңгені, магистратура үшін – 117 098 теңге болады.

Айта кетейік, 2025 жылдың қаңтарынан бастап зейнетақыны 8,5%-ға өсіру жоспарлануда. Алдағы жылы АЕК мөлшері – 3 932 теңгені құрамақ. Жалақы мен өзге төлемдер мөлшері 2025 жылдың 1 қаңтарында белгіленеді. Жобаға сәйкес келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткішті 3932 теңгеге дейін арттыру көзделген. Қазір ол 3692 теңгені құрайды.

Ал Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттер көлемі 5,25 трлн теңгеге дейін ұлғаюы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз