Жоғары аудиторлық палата 2024 жылдың екінші жартыжылдығында Назарбаев университеті мен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясын тексереді. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу кезінде палата төрағасы Әлихан Смайылов айтты.
«Биыл екінші жартыжылдықта тексеру жұмыстары Назарбаев Университеті және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ қызметін, сот жүйесін, сондай-ақ ауыл шаруашылығындағы, өңдеу өнеркәсібіндегі және құрылыстағы жекелеген бағыттарды қамтиды», – делінген Ақорда хабарламасында.
Айта кетейік, 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетте Назарбаев университетіне 918 миллион 786 мың теңге бөлінген.
Ақорданың баспасөз қызметі Аудиторлық палата биылғы жылдың екінші тоқсанында тексерген салалар туралы ақпарат беріпті. Смайылов басқаратын палата теміржолға баса назар аудара отырып, көлік саласына аудит жүргізген. Сонымен қатар Абай, Жетісу, Ұлытау, Алматы облыстарының бюджеттері тексерілген. Қазақстандықтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесіне де аудит жүргізілген.
Ақпаратқа сәйкес, 73 нысан бойынша жалпы сомасы 2,9 триллион теңгеден астам қаржыға аудит жүргізіліпті. 39 миллиард теңгеден астам қаражаттың заңсыз жұмсалғаны анықталған.
Кездесу соңында Тоқаев Смайыловқа бюджет қаражаты мен мемлекет активтерінің пайдаланылуын мүлтіксіз бақылауды қамтамасыз етуді тапсырған.
Биыл 12 тамызда Жоғары аудиторлық палата «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» (НЗМ) 2019-2023 жылдары бюджет қаражатын қалай жұмсағанына қатысты аудит нәтижелерін жариялаған еді. Тексеріс нәтижесінде ақшаның тиімсіз жұмсалуы, тендер өткізудегі былықтар мен маңызды жобаларға бөлінген қаржының игерілмеуі сияқты фактілер анықталды. Ал палата төрағасы Әлихан Смайылов қаржыны пайдалану мәселесінде НЗМ ашықтық көрсетпей отыр деп мәлімдеген еді.