Банк пен қаржы

Қазақстандық банктер Ресейге ақша аударымын шектей ме?  – Ұлттық банк жауабы

Қазақстандық банктер Ресейге ақша аударымын шектей ме / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Қазақстандық банктер төлем жүргізетін (2024 жылдың қаңтар-маусым айларында 87%) «Золотая корона» – «Қаржы технологиялар орталығы» жүйесін әзірлеуші компания АҚШ санкциясына ілікті. Енді отандық банктер Ресейге ақша аударымдарын қысқарта ма? Бұл туралы Ұлттық банк «Курсив» сауалына жауап берді.

Өз жауабында Ұлттық банк санкция салу кезінде АҚШ-тан Қазақстан атына ешқандай ескерту келіп түспегенін атап өтті.

«Золотая корона» төлем жүйесінің өзі санкциялар тізіміне енгізілмеген, оған қатысты ұсыныстар түскен жоқ. Екінші деңгейдегі банктер жеке кәсіпкерлік субъектілер ретінде өз қызметі үшін тәуекелдерді дербес бағалайды және коммерциялық мүдде мен экономикалық орындылықты негізге ала отырып, шетелдік төлем жүйелеріне қатысу туралы өз бетінше шешім қабылдайды», — делінген Ұлттық банк жауабында.

Реттеуші қазіргі таңда Қазақстан мен Ресей арасындағы санкциялық емес контур бойынша төлемдер мен ақша аударымдарына банктер стандартты режимде қызмет көрсететінін ескертті.

«Золотая корона» — Ресей мен ТМД елдерінде, сондай-ақ Түркия, Израиль және Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азияның кейбір елдерінде жұмыс істейтін ресейлік төлем жүйесі. 2022 жылы Visa және Mastercard кеткеннен кейін «Золотая корона» Ресейден шетелге ақша аударудың негізгі тәсілдерінің біріне айналды. Компания Грузия, Қазақстан және Қырғызстанға аударым жасау көлемі бойынша жетекші орынға ие. 

Айта кетсек, 23 тамыз күні «Золотая Корона» төлем жүйесі АҚШ санкциясына ұшырады. Қазақстан мен Грузия банктері Ресейдің «Золотая Корона» төлем жүйесін тексеріп жатыр. Соған байланысты банктерде бұл төлем жүйесі арқылы аударым қабылдау қиындаған.