Банк пен қаржы

Қазақстанда ірі бизнес субъектілеріне берілген несиелер шілде айында арзандады

Орта және шағын бизнеске берілетін несие пайызы көтерілді / Фото: Shutterstock

2024 жылғы шілде айында ірі бизнеске берілген несиелердің пайыздық мөлшерлемесі тиімдірек бола түсті. Бірінші кредиттік бюро бұл кейінгі екі жылға жуық уақыттағы ең жақсы көрсеткіш деп хабарлады.

Шілдеде ірі кәсіпкерлік субъектілеріне берілген теңгелік несиелер бойынша ЕДБ-ның орташа алынған мөлшерлемесі 16,6%-ды құрады.

Маусыммен салыстырғанда 0,3%-ға төмендеп, 2022 жылдың қыркүйегінен бастап ең төменгі деңгейге жетті.

Бұл ретте орта және шағын бизнес сегменттерінде (жеке кәсіпкерлерді қоса алғанда) қарама-қарсы динамика байқалды.

Мәселен, орта бизнеске берілген несие мөлшерлемесі айлық 0,4%-ға, яғни, 17,9%-ға, шағын бизнес үшін айлық көсеткіш – 0,5%, жалпы 22,3%-ға жетті.

Банктердің жалпы барлық кәсіпкерлік субъекті бойынша сыйақысы 0,1%-ға азайып, соңғы төрт айдағы ең төменгі деңгей – 19,3%-ға жетті.

Бұл ретте несиелер портфеліндегі шағын және ірі бизнестің үлестері бірдей дерлік – сәйкесінше 45% және 42%, ал орта бизнес 13%-ды құрайды. Ал жалпы соманың айтарлықтай бөлігінің (63%) өтеу мерзімі бір жылдан аспайды.

Еске сала кетсек, биыл халықтың алған несиесі бизнестің кредитінен асып түсті. Жыл басынан бері экономикаға 35,8 трлн теңге кредит құйылған.