Жаңалықтар

Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібіндегі ең беделді тұлғалардың тізімі жарияланды

Мұнай-газ саласындағы ең ықпалды тұлғалардың тізімін Сәтқалиев, Құлыбаев бастайды / Коллаж: kursiv.media, бильд-редакто: Ахтам Зиперов

«ҚазСервис» Қазақстанның мұнай-сервистік компаниялар одағы мұнай-газ саласындағы ең ықпалды 75 тұлғаның рейтингін жариялады.

Рейтинг осымен сегізінші рет жарияланып отыр. Биыл тізім кеңейтілген. Бұған дейін тізім 50 адамнан тұратын.

«Мұнай-газ саласының ел экономикасына қосқан орасан зор үлесін ескере отырып, тізімді 75 адамға дейін ұлғайту туралы шешім қабылданды», – деп хабарлады одақ.

Рейтинг отандық мұнай-газ саласы сарапшылары пікірлері негізінде жасалған. Кандидаттарды іріктеу кезінде олардың заңнамалық бастамаларға және саланы құқықтық реттеуге ықпалы қарастырылған. Бұған қоса олар басқаратын компаниялардың нарықтық құны, мұнай өндіру нарығындағы үлесі, төленген салық сомасы, білікті қызметкерлердің саны да маңызды болды.

Осылайша тізімді Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бастайды. Одан кейінгі орында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов тұр. Ал Тимур Кұлыбаев үшінші орында.

Сонымен қатар рейтингте Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Болат Ақшолақов,  «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешев,  «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясының бас директорының орынбасары Мұхтар Манкеев және Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағы президиумының төрағасы Рашид Жақсылықов бар.

Айта кететіні, Қазақстан экономикасының өсімі мұнай бағасына байланысты. Дүниежүзілік банк Қазақстанның бюджеттік резервтері мұнай кірістері есебінен толығып отыратынын хабарлады.