Банк пен қаржы

Freedom Broker «ҚазМұнайГаз» акцияларына қатысты болжамын жақсартты

«ҚазМұнайГаз», КМГ, ҚМГ
Freedom Broker «ҚазМұнайГаз» акцияларын сатып алуды ұсынды / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

«ҚазМұнайГаз» 2024 жылдың екінші тоқсанының қаржылық есебін жариялағаннан кейін, Freedom Broker компания акцияларына қатысты болжамын жаңартты.

«ҚазМұнайГаздың» бір акциясының жаңартылған нысаналы бағасы 17 500 теңгені құрайды. Бұл компания құнды қағаздары соңғы нарықтық бағадан 24%-ға өсуі мүмкін дегенді білдіреді. Ұсыныс – «Сатып алу», – деп хабарлады брокер.

Айта кететіні, «ҚазМұнайГаз» кірісі Румыниядағы мұнай өңдеу зауыттарындағы жөндеу жұмыстарына және кейбір кен орындарында «қара алтын» өндірудің аздап азаюына байланысты төмендеген. Бірақ операциялық шығындар да қысқарды.

Сонымен қатар «ҚазМұнайГаз» бірлескен компаниялары айтарлықтай көп дивиденд төледі. Мұның бәрі EBITDA өсімінің түзетілуіне және маржаның айтарлықтай артуына әкелді. Осының аясында бос ақша ағыны айтарлықтай өсті, бұл компания шотындағы қаржы мен қаржылық активтердің ұлғаюына әкелді.

«Нәтижесінде таза қарыз айтарлықтай төмендеді және борыштық жүктеме көпжылдық ең төменгі деңгейге жетті. Бағалау үлгісінде біз негізгі қаржылық көрсеткіштерді жаңарттық. Теңгенің құнсыздануы және капитал құнының долларлық бөлігінің аздап төмендеуі бағаның өсуіне әкелді», – деп түсіндірді Freedom Broker.

Бұған дейін 2024 жылғы наурызда брокер ҚМГ бір акциясының бағасы алдағы уақытта 14800 теңгеге дейін қымбаттауы ықтимал деп болжаған.

Еске сала кетсек, «ҚазМұнайГаз» компаниясының таза пайдасы 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында 12,5%-ға өсіп, 550 млрд теңгені құрады.

ҚМГ – Қазақстанның мұнай-газ саласының ұлттық операторы. Компанияның 67% акциясының иесі «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ (67,42%), ҚР Қаржы министрлiгi (20%), ҚР Ұлттық банкі (9,58%).