«Тыңдауға мәжбүрлемейміз»: Қырғызстанда тәуілсіздік күніне орай Филипп Киркоров пен Стас Михайлов бастаған ресейлік әншілердің өнер көрсетуіне халық қарсы

Жарияланды 28 Тамыз 2024 13:10

(жаңартылды 28 Тамыз 2024 13:33)
Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Қырғызстанда тәуелсіздік күніне Киркоров, Михайлов ән айтады / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қырғызстанда тәуілсіздік күніне орай Филипп Киркоров пен Стас Михайлов бастаған ресейлік әншілердің өнер көрсетуіне жергілікті халық қарсы.

31 тамызда Ала-Тоо алаңында Қырғызстан тәуелсіздігінің 33 жылдығын мерекелеу аясында шетелдік жұлдыздардың қатысуымен гала-концерт өтеді. Бұл ақпаратты Қырғызстанның Мәдениет министрлігінің баспасөз қызметі растады.

Министрліктің мәліметінше, концерт бағдарламасында ресейлік әншілер Стас Михайлов, Филипп Киркоров, Люся Чеботина, сондай-ақ швед әншісі Bosson және итальяндық әнші In-Grid өнер көрсетеді деп күтілуде. Сонымен қатар танымал әнші Амирхан Батабаев, яғни Амирчик те сахнаға шығады.

Қырғызстанның тәуелсіздігіне арналған концертте ресейлік жұлдыздардың қатысуы әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. Пайдаланушылар неге дәл осы жұлдыздар шақырылғанын және оларға қаражаттан қайдан төленетінін сұрады. Қырғызстан Президенті баспасөз қызметінің басшысы Дайырбек Орунбековтің әншілер тегін өнер көрсетеді деген мәлімдемесіне көптеген азамат сенімсіздікпен қарады.

Қырғыз Республикасының мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Алтынбек Мақсұтов мемлекеттік «Кабар» ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Ала-Тоо алаңында ресейлік әншілердің өнер көрсетуіне қатысты туындаған дау туралы пікір білдірді.

Министр Мақсұтовтың айтуынша, ресейлік әншілердің өздері Бішкектегі концертке қатысуға ниет білдірген.

«Ресейлік орындаушылар өздері бастамашылық танытты. Егер олар бізді тәуелсіздіктің 33 жылдығымен және Қара-Қырғыз автономиялық облысының құрылғанының 100 жылдығымен құттықтағысы келсе, біз қалай бас тарта аламыз? Facebook желісінде әртістерге қатысты тілектерін жазып отырғандарға айтарым: біз ешкімді бұл концертке келуге немесе белгілі бір әншіні тыңдауға мәжбүрлемейміз. Егер оларға ұнамаса, тыңдамаса да болады», – деді ол.

Сондай-ақ, министрдің айтуынша, халықтың көпшілігі ресейлік әншілердің келуін қолдап отыр

«Шетелдік әншілердің бізді мерекемен құттықтағысы келетінін мемлекетіміздің беделінің өсуі ретінде қабылдау керек. Егер біздің мемлекетімізде мұндай мәртебе болмаса, қай әнші тегін өнер көрсеткісі келер еді?», – деп қосты Мақсұтов.

Еске салсақ, бұған дейін 17 шілдеде Тина Канделаки Telegram арнасында Қырғызстан астанасы Бішкектегі Иван Панфилов атындағы Әскери даңқ мұражайы орналасқан ғимаратты бұзу туралы шешімге қатысты өз ойын білдірген болатын. Ол өз жазбасында қырғыз билігін орыстарға қарсы саясат жүргізіп, яғни русофобияға жол беріп отыр деп айыптаған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз