Жаңалықтар

Жоғары балл алып, оқуға түсе алмай қалған түлектер үшін қосымша грант бөлінді: Ғылым министрлігі тізімді жария етті

гранты
Фото: shutterstock, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Су басқан өңірлердегі түлектер үшін квота бөлінгендіктен, ҰБТ-дан жоғары балл алған үміткерлердің көпшілігі ЖОО-ға түсе алмай қалған болатын. Осыған байланысты, Ғылым және жоғары білім министрлігі қосымша грант тағайындап, иегерлерінің тізімін жариялады. Бұл жайлы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.  

«Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі қосымша білім беру гранттарын тағайындады», – делінген баспасөз хабарламасында.

Минстрліктің хабарлауынша, білім беру гранттары белгіленген тәртіппен, конкурс негізінде, ең жоғары ҰБТ балдарына ие болған үміткерлерге білім беру бағдарламаларының тиісті топтарына сәйкес белгіленген.

Тізімде тұрған барлық грант иегері жоғары оқу орындарына құжат өткізу үшін бару керек екені айтылған.

Ал тізіммен мына сілтеме арқылы танысуға болады.

Еске сала кетсек, 7 тамызда Ұлттық бірыңғай тестілеу балы жоғары болса да, грант ала алмай қалған мектеп түлектері Ғылым және жоғары білім министрлігін сотқа беретінін мәлімдеді.  

Заңгер Айжан Шералиева ТЖ зардап шеккендерге квота белгілеу шынымен де заңсыз және күшін жоюға жататынын айтып, жарияланған гранттар тізімін қайта қарауды ұсынған.

Артынша заңгерлер министрлікті сотқа бермейтінін, тек бірнеше талаптыр қоятынын жеткізді. Ол талаптар келесідей:

  • жаңа гранттар тізімін 25 тамызға дейін шығару;
  • ТЖ квотасын жою, гранттарды заңды иелеріне қайтару;
  • Су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтар үшін білім беруді қаржыландырудың басқа көздерін табу.